Қазақ баласы АҚШ-та өткен беделді байқауда жүлдегер атанды
Ол мың долларға ие болды
Даллас қаласында өткен ISEF халықаралық байқауында қазақстандық оқушы Сағын Жұмаділдаев екінші орынға ие болды, деп хабарлады NIS баспасөз қызметі.
Сағын Жұмаділдаев Алматыдағы Назарбаев мектебінде (физика-математика бағыты) оқиды. Ол АҚШ-тың Даллас қаласында өткен әлемдегі ең беделді ғылыми жобалар байқауының бірі – International Science and Engineering Fair-да екінші орынға ие болды.
Қазақ баласы математика секциясы бойынша «L-тромино-плиткалары» жобасын таныстырды. Нәтижесінде жас математик жүлделі орынға ие болып, мың доллар (448 395 теңге, 1 доллар – 448, 40 теңге) сыйақы еншіледі.
Былтыр осы олимпиадада «L-тромино» фигурасының көмегімен плиткаларды жанастыру бойынша тапсырма орындадым. Осы тақырыпқа қызығушылық оянды. Сондықтан оны жоба ретінде зерттеуді қолға алдым. Математикада әлі дәлелденбеген теоремалар бар. Оларды шешкім келеді. Келесі жылы да ISEF-ке қатысқым келеді, – деді Сағын Жұмаділдаев.
Сондай-ақ халықаралық байқауға Көкшетаудағы NIS оқушысы Асылхан Қали да қатысты. Ол Aq Zhol жобасын ұсынды. Оның мақсаты – жүргізушінің халі мен мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік беретін бейнетіркегіш жасау және көлік апатының санын азайту.
Қазақстанда жыл сайын 2 мыңға жуық адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады.
NIS ұжымы, ата-аналары мен достары Сағын мен Асылханды Астана әуежайында күтіп алды.
Айта кетейік, International Science and Engineering Fair – 13-18 жас аралығындағы оқушыларға арналған ғылыми жобалардың байқауы. Халықаралық іс-шара жыл сайын өтеді. Оған әлемнің 100 елінен келген 2 мың оқушы қатысып, үздіктерді анықтайды.