Биыл Жамбыл облысында мәдениет саласына 12 млрд теңге бөлінген

Дәурен Ерболат

Өңірде 14 мәдени нысан салынып жатыр

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл Жамбыл облысы мәдениет саласына шамамен 12 млрд теңге бөлді. Бұл туралы өңір басшысы Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Жуалы ауданының Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды музейінің аумағында өткен іс-шара барысында ұлттық спорт ойындар, көрме, театрландырылған көрініс және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Сіздерді Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз – төл өнеріміз бен мәдениетімізді өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер… Биыл жалпы облыстың мәдениет саласына 11,9 млрд теңге бөлініп, 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәдениет үйлеріне қосымша 94 штат беріліп, 143 үйірме ашылды, - деді Жамбыл облысының әкімі.

Нұржан Нұржігітов өңірдің таланттарға бай екенін атап өтті.

«Өңірдің мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздары халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып, облыс беделін арттырып жатыр. Сіздерге осындай жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саладағы еңбектеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.Еліміздің рухани-мәдениетін нығайту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», - деді өңір басшысы.

Ол 40-тан аса мәдениет қызметкерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы, Алғыс хат, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, арнайы стипендиясымен марапаттады.

Сондай-ақ Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен белгілі әнші-композитор, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев та жылы лебіздерін білдірді.