×

Жыл басынан бері 25 адам пойыз астына түскен

Пойыздардың шұғыл тоқтауының 501 фактісі тіркелген

 Динара Амантай 19.05.2023 | 17:05
Фото: ашық дереккөз

Жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежелуінің 500-ден аса фактісі тіркелген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Көліктегі ПД қызметкерлерінің мәліметінше, биыл тәртіп сақшылары 988 рет халықпен кездесу өткізіп, 1 553 рейдтік іс-шара, оқу орындарында «Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ» тақырыбында 1 433 дәріс өткізген. Дегенмен бүгінде уәкілетті органдар тарапынан жүргізілетін профилактикалық іс-шаралардың мәселені түбегейлі шешпейтіні анық. Бұл ретте әрбір азамат теміржолдағы жүріп-тұру ережелерін қатаң сақтауға тиіс және ол туралы өзгелерге де ескертуі керек.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары М.Айтуғановтың айтуынша, биыл көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 501 фактісі тіркелген. Оның ішінде 116 факті адамдардың қатысуымен болған. Сондай-ақ 11091 адам белгіленбеген жерлерден теміржол төсемін кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, пойыз астына 25 азамат түскен. Өкінішке қарай, оның 15-і жарақат алып, 10-ы көз жұмды.

Мәселен, 17 мамырда Абай облысының А Бекеті – Сол жақ Ертіс аралығында жолаушылар пойызының машинисі 31 жастағы ер адамды қағып кетті. Ол Семей қаласының жедел медициналық ауруханасына жеткізілді. Тексеру барысында ер адамның теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткені анықталды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 344-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Статистика темір жолдағы жарақаттанудың негізгі себептері – азаматтардың теміржол көлігі объектілерінде қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуларынан немесе сақтамауларынан болатындығын көрсетеді. Көп жағдайда, олар жолды қысқарту мақсатында белгіленбеген жерлерден және вагондардың астынан өтіп жатады, – деді М. Айтуғанов.

Көлік полицейлері тағы да барлық азаматтарды жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Алда балалардың жазғы демалысы келе жатыр. Сондықтан, әсіресе, ата-аналар балаларға қауіпті аймақтағы жүріп-тұру ережелерін және оның ойынға арналған жер емес екенін түсіндіріп отырулары қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама