×

«Мыңдаған адам жұмыссыз қалады». Тараздық темір сатушылар Тоқаевқа үндеу жасады

Үкімет сәуір айының соңында қара металды шетелге шығаруды шектемек

 Ұлдана Жұбай 18.04.2022 | 15:35
фото: Halyq Uni

Тараздағы бір топ темір қабылдаушы ҚР президентінен көмек сұрайды. Себеп – Үкімет сәуір айының соңында қара металды шетелге шығаруды шектемек. Наразы топтың айтуынша, темір-терсекті экспортқа шығаруды шектеу салдарынан мыңдаған адам жұмыссыз қалмақ.

Кәсіпкерлер қара металды шикізат ретінде шетелге шығаруды шектеу – ішкі нарықтағы темір бағасын төмендетуге бағытталған деген пікірды алға тартып отыр. Сондай-ақ бұл елдегі аз ғана топтың мүддесі үшін жасалғанын айтады. Ал, мүдделілер – қара металды қабылдайтын қазақстандық зауыттар.

50-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Шоқан Тұроғанов темір экспортын тұралату бір ғана Жамбыл облысының өзінде мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына сеп болатынын айтады. Табысы 250 мың теңгеден басталатын жұмысшылардың айлығы екі есе азайып, мұның соңы жаппай жұмыссыздыққа жеткізуі мүмкін.

Президентке үніміз жетсе дейміз. Темірді көлікпен тасуға, темір жолмен тасуға шектеу қойды. Бірақ не үшін шектеу қойғанын білмейміз. Себебін сұрасақ, ішкі зауыттарға өнім жетіспейтінін айтады, – деді кәсіпкер Шоқан Тұрғанов. 

Темір-терсек өткізумен табыс тауып жүргендер шектеу туралы әңгіме шыққалы баға құны қазірден бастап айтарлықтай құлдырағанын айтады.

«Шымкенттен арнайы Таразға келіп отырмын. Темірмен айналысып жүргеніме 10 жыл болды. Ары қарай не болатынын білмеймін. Қазірдің өзінде баға 80-90 теңгеге түсіп кетті. Одан артық түсе беретін болса, ары қарай қалай күн көреміз?», – дейді тағы бір кәсіпкер Заман Шәріпов.

Ал, жауапты министрлік өкілдері уақытша шектеу енгізу - амалдың жоқтығынан қабылданған шешім екенін айтады. Әзірге қара металл экспортына енгізілген шектеудің қай уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз.

Ішкі нарықта темір шикізатының тапшылығы сезілді. Сондықтан өзімізге жетпей жатқандықтан уақытша шектеу енгізілді. Біз темір шикізатын қабылдаушы компаниялармен ұзақ мерзімді келісім шартқа отырдық. Бұл темірдің сапасы мен тасымал тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бірақ біз бағасына арласпаймыз, - дейді ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игисинов.

Айта кетейік, құзырлы министрлік өкілі кәсіпкерлерге шикізатты шетелге шығаруда темір жол арқылы тасуға болатынын айтып, кеңес берді. Ал, автокөлік пен су транзиті бақыланбайтындықтан, оған сөзсіз шектеу қойылмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама