×

Атыраулықтар жөнделмеген жолдың ойығына ағаш егіп жүр (ВИДЕО)

Бастаманы Атырау жолдарын сынға алып отыратын қоғам белсендісі Аслан Омаров көтерген

 Еркеғали Болатұлы 19.05.2023 | 14:30
фото: дереккөз

Атыраудың ойдым-ойдым көшелері қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Тоз-тозы шыққан көшелермен жүрген олар жергілікті әкімдікке де шағымданған, әлеуметтік желіде де жанайқайын жеткізген. Бұл туралы NUR.KZ хабарлады.

Халықтың арыз-шағымын билікке қайта-қайта жеткізуден шаршаған облыс белсенділері қазір қаладағы асфальт ойығына тал егіп жүр. Мұндай бастаманы әлеуметтік желіде Атырау жолдарын сынға алып отыратын қоғам белсендісі Аслан Омаров көтерген.

Шұрық-тесік жолдарға тал егу арқылы қазіргі кездегі басты проблемалардың бірі – жол мәселесіне жергілікті шенеуніктердің назарын аударғымыз келді. Өйткені айта-айта жақ талды. Енді осындай іс-әрекетке көштік. Өзім қала сыртындағы Дамбы ауылында тұрамын. Шұрық-тесік жолдардан машинамыздың түгі қалмады. Дамбы түгіл қаланың ішіндегі жолдардың түрі оңып тұрған жоқ. Соңғы жылдары салынған жолдардың өзі уақыт өтпей быт-шыты шығып жатыр. Ал мұндай олқылықтардың барлығы жолға жауапты мекеме мамандарының өз жұмысына деген салғырттығынан, жауапсыздығынан болып отыр, - дейді Аслан Омаров.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл қаланың 13 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 4,5 шақырым болатын 4 автокөлік жолы қолданысқа берілмек.

«Қазір 13 көшені жөндеуге мердігерлік ұйымдарды анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алудың ашық электрондық конкурсы жарияланды. Оған 4,3 млрд теңге көлемінде қаражат қажет. Сондай-ақ қалған 10 шақырым авткөлік жолын толықтай салып бітіру үшін 8,48 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзі қажет. Ал 2023-2024 жылдары жалпы құны 19,9 млрд теңге құрайтын жобаларды іске асыру жоспарланды», - деп жауап берді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама