Қарағанды облысында шартты жазадағы жігітті түрмеге жабуға тура келген
Ол бірнеше рет заң ережесін өрескел бұзған
Абай қаласында шартты түрде сотталған 31 жастағы ер адам жазасын түрмеде өтейтін болды, деп хабарлады Polisia.kz.
2022 жылғы 10 ақпанда Қарағанды облысы Абай аудандық соты бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін 31 жастағы тұрғынды 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.
Алайда «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» заңына сәйкес, оның негізгі жазасы үштен бірге қысқартылды. Осылайша, сотталған адам 2 жыл 4 ай жазасын шартты түрде өтейтін болды. Үкімді Абай ауданының пробация қызметі орындады.
Сотталғанды есепке қою кезінде жазаны өтеу тәртібі мен шарттары әрі пробация қызметінің бақылауынан жалтарғанда салдары қандай болатыны оған түсіндірілді. Осыған қарамастан ер адам өз әрекетінен сабақ алмай, жазаны өтеу тәртібі мен шартын қасақана бұзған.
Мысалы, ол түнгі сағат 22:00-ден кейін тұрғылықты мекенжайында 4 рет болмаған, пробация қызметіне тіркелуге 3 рет келмеген. Осыдан кейін оған өтелмеген жазаны нақты бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы жазбаша ескерту жасалды. Осыған қарамастан, биыл 12 наурызда кешкі сағат 21:00 шамасында сотталған адам Абайдағы көппәтерлі үйдің кіреберісінде қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол тұрғындарға тиісіп, олардың ар-намысына тиетін сөздер айтқан, - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек негізінде полицейлер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сот қаулысымен ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Пробация қызметі заңды бірнеше рет бұзған сотталған адамның жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсыныс жіберді.
Сот ұсынылған дәлелдерді ескеріп, ер адамды бас бостандығынан айырды. Ол жазасының қалған бөлігін түзету мекемесінде өтейді.