«Орталық Азия – Қытай» саммиті 2025 жылы Қазақстанда өтеді

Халық үні

Қытайда Сиань декларациясына қол қойылды

Фото: Ақорда

«Орталық Азия – Қытай» саммиті 2025 жылы Қазақстанда өтеді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары кезінде «Орталық Азия – Қытай» саммитінің қорытындысы бойынша Сиань декларациясына қол қойылды.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінде президент кейінгі жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі, - деді Тоқаев.

Айтуынша, Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар.