Бір ағашта үш түрлі жапырақ өседі: Жамбыл облысындағы Топағаш әулие ақиқат па, аңыз ба?

Айнұр Шошаева

Топағашқа емделуге келушілердің қатары үзілмейді

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында бір түптен үш түрлі жапырақ өсетін ағаш бар. Жергілікті халық Топағаш деп аталатын бұл жерді киелі санайды, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Тараз қаласына жол түскен соң, Топағаш деген жерді көрейік дедік. Себебі ол жер туралы бұған дейін бірнеше республикалық басылым жазған болатын. «Ол жерде ағаштар біреуден емес, топтасып өседі. Бір ағашта үш түрлі жапырақ өседі-міс. Ол жерде Домалақ ана өрмек тоқыған. Ағаштарда көз бар, одан аққан жас дертке дауа». Осындай сыңайдағы жазбалар жарияланған еді. Көп естігеннен бір көрген артық. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылының маңында орналасқан Топағашты бетке алдық. Құмның ортасында шағын орман бар екен. Кіре берісіне «Топ-ағаш әулие» деген жазуы бар. 

Қақпадан кіргенде оң жақта асхана, қонақ бөлме тұр. Қарсы бетінде тамақ пісіретін арнайы орын, қазан-ошақ, самаурын қойылған. Сол жерде жүрген адам алдымен дәрет алу қажетін ескертті. Барлық талап орындалған соң орманды аралатын шықты. Белгілі болғандай әлгі жердің шырақшысы бар. Бірақ жұмыс бабымен қалаға кеткенін білдік. Бізді қарсы алған адам өзін Молдазахитбек деп таныстырды. Айтуынша, өзі шырақшының атасы. Ол әлгі жерге жол, қонақ үй мен мешіт салуға демеуші тауып, соның мәселесімен кеткен екен.   

«САДАҚАЛАРЫҢЫЗДЫ АЛДЫҢЫЗДАР МА?»

Экскурсияны бастамай тұрып, қарияның бізге қойған алғашқы сұрағы осы болды.  

Тізіліп тұрыңыздар. Бұл жерге тегіннен тегін адам келмейді. Қараңыздар бір талда үш түрлі жапырақ шығады: ұлы жүз, орта жүз және кіші жүз деген, – деді әлгі ата. 

Орманға кіре берісте тастан кітаптың мүсіні қойылған. Айтуынша Бәйдібек ата мен Домалақ ананың құран кітабы-мыс. 

«Әулие  киелі Топағаш жерінде топталған топ ағаш өсіп тұр. Бір тал ағаштан үш түрлі жапарық ашады: сәмбі тал, қайың және қара талдың жапырақтары. Тоғыз тасы бар, ол тоғыз батырдың белгісі делінеді. Себебі Болат ханның тұсында Әбілқайыр бас сарбаз атанып, Топағаштың маңында жаудың бетін қайтарған. Сонымен бірге аналардың анасы Домалақ анамыздың өрнек тоқыған жері. Әулиенің үш ақ жыланы, үш көкжалы, үш үкісі, үш жағал тайы бар екеніне ауруына шипа іздеп, тәу еткен халық куә», – деп жазылған тақтайша тұр. 

Бұл жерге бірінші рет келіп тұрсыздар ма? Бұл жердің салты сондай мал сойылады, жамағатқа береді. Осында палатка бар. сонда барып жатасыздар. Түнде сағат 01.00-де бастадады, сағат 05.00-ке дейін әруақтар жүреді. Бұл жерде жылан, аю, қасқыр және алтын еліктер бар. Олар түнде жүреді, – деп қосты қария. 

Орманның ортасында құдық бар. Тереңдігі 32 метр болатын ол Домалақ ананың құдығы деп аталады екен. Содан кейін ормандағы бірнеше кәрі ағашқа арнайы тоқтап, оларды құшақтап амандасуымызды сұрады.

Бұл Адам ата ағашы, бұл Хауа ана ағашы. Құшақтап, сүйіп амандасу керек. Сосын тілегіңді тіле..., – деді. 

Оның айтысына қарағанда орманда үш жүздің басында тұрған Ақарыс, Бекарыс және Жанарыс ата, Бәйдібек ата мен Домалақ ана, Абылайханның ағашы бар. Қария келушілерге әр талды құшақтап амандасу керек екенін ескертумен болды. Кейбір ағашта 2-3 түрлі жапырақ өсіп тұр. Сондай-ақ ағаштың түбінен қасықпен су алып шықты. 

Мына жерде талдан шығып жатқан дәрі бар. Катаракта, бүйрек ауруларына шипа. Қазір бір-бірден ішесіздер, сосын кімнің көзі ауырады үш рет жуасыздар, – деді ата. 

Әрі қарай қария дертіне шипа іздеген науқастардың емделетінін көрсетті. Орманның бірнеше жерінде палатка орнатылған. Бір палатканың жарында 2-3 төмпешік жатыр. Дертіне дауа іздеген адам сол жерге аунауы керек дейді. әрине, оның айтқанын істеген жоқпыз. 

Бұл құм. Бәйдібек атаның құмы. Мынау Домалақ ананың құмы. Ауру адамдар, бала іздеген адамдар осы жерде бір сағат жатады. Көміп тастаймыз, сосын ауруы жазылады, – деді. 

Айтуынша, дәл қазір он шақты адам Топағашты «емделіп» жатыр екен. Сонымен бірге, ол келушілердің қатары үзілмейтінін атап өтті. 

«Қытайдан, Жапония, Ресейден келіп жатыр. Реклама жүріп жатыр. Ютубка кірдік. Киелі жерлердің тізіміне енген. Жекеменшік жер, 2006 жылы алдық. Жұмыс істеп жатырмыз. Көп адам келіп жазылып жатыр. Әлі көп адам білмейді. Әр талда аталарымыз жатыр. Талдар шіріген кезде, құран оқып ағашты отынға жағамыз. Ешкім суармайды, өзінен-өзі өсіп жатыр», – деді Молдазахитбек ата. 

Экскурсия аяқталған соң қария құран оқып, батасын беріп шығарып салды. Бір қызығы ол Топағаштың киелі жер екенін бірнеше рет айтты. Алайда сакралды нысандар тізімінен ол жерді таппадық. Сонымен Топағаш ол ақиқат па, әлде ойдан шығарылған аңыз ба? Жалпы, келген адамға әр талды құшақтатып, ағаштан тілек тілету қаншалықты дұрыс? Осы сияқты бірнеше сұраққа жауап таппай қалаға қайттық.