Оқиға Қызылорда қаласында тіркелген
Қызылордада қарамағындағы қызметкерінен пара сұраған қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы өз пайдасы үшін сыбайлас жемқорлық қылмысына барған. Ол басқарманың жедел уәкіліне қудалайтынын алға тартып, оны ақша беруге мәжбүрлеген. Сотталушы қылмыстық пиғылы әшкере болып қалмау мақсатында аға жедел уәкіл қызметін атқаратын азаматқа жедел уәкілден ақша әкеліп беруді сұраған. Аға жедел уәкіл басқарма бастығының қылмыстық пиғылынан бейхабар болған. Жедел уәкілдің өзге амалы қалмағандықтан аға жедел уәкілдің карточкасына 50 мың теңге ақшаны аударған. Аға жедел уәкіл оны басқарма бастығына автокөлік ішінде қолма-қол берген.
«Қылмыстық іс толықтай дәлелденді. Сот үкімімен сотталушы қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына айырылды. Оған жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - дейді Қызылорда қаласының №2 соты.