Талдықорғанда әкімдіктің қаулысы заңсыз деп танылды
Прокурорлық қадағалау актісі енгізілді
Жетісу облысының прокурорлары көпқабатты үйдің құрылысына жер бөлуді заңсыз деп таныды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Кивилев көшесіндегі 2/1 үйдің тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы әкімдіктің ойын алаңдарының орнына көп қабатты тұрғын үй салу жоспарына наразылықтарын білдірген.
Прокуратура осы сигналға назар аударып, ауданы 0,15 гектар жер учаскесінің жеке тұлғаға конкурстан тыс берілуі Жер кодексі 48-бабының бұзылуына акеп соққанын және Талдықорған қаласын дамытудың Бас жоспарына қайшы екендігін анықтады.
Осыған байланысты 16 мамырда Талдықорған қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы органның атына заңсыз шығарылған қаулының күшін жою мәселесін қойып, прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Қадағалау актісінің орындалуы прокуратураның бақылауында.