Қылмысқа туыстарының да қатысу бар болуы мүмкін
Бүгінде Қазақстанда педофилия мәселесі өзекті. Бұл туралы БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур Ван Дизен айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Журналистер ОКҚ-де өткен дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ өкіліне сұрақ қойды: «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, педофил құрбаны болған қазақстандық балалардың құқығы қалай қорғалып жатыр. Олар сіздерден (ЮНИСЕФ) көмек сұрап келді ме?».
Артур Ван Дизен мәселе өзекті екенін жеткізді.
Сіз жыныстық зорлық-зомбылық туралы айтып отырсыз. Өкінішке қарай 2021 жылы 956 іс тіркелді. Балаларға жасалған барлық қылмыстық істің 43%-ы жыныстық зорлық-зомбылық болып саналады, яғни күніне 2-3 жағдай болған. Бұл – Қазақстандағы жағдай. Егер бізге белгілі жайт осылай болса, бізге белгісізі қанша? Бұл біздің алаңдаушылығымызды турдырады, - деді ол.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров жыныстық қылмысқа талдау жүргізілгенін атап өтті.
Биыл жалпы (балаларға қарсы жасалатын) жыныстық қылмыс дерегінің аздап төмендегені байқалады. Қылмыстың 60%-дан астамын жақын адамдар жасайтыны анықталды: әкелер, өгей әкелер, жақындары, таныстары және тағы басқа. Осындай қылмыстың 40%-ы 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге жасалады. Қазақстанда мұндай қылмысқа баратындар - көбіне 18-25 жасқа дейінгілер», - деді ІІМ өкілі.