Сайысқа ІІО-да қызмет ететін бұрымды 31 қыз-келіншек қатысты
Павлодар облысы ПД Май ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Айдана Назарбекова «Бұрымды қыз» байқауында 86 мыңнан аса лайк жинап, көрермендердің көзайымына айналды, деп хабарлады Polisia.kz.
ІІМ фотобайқауды Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырған болатын. Сайысқа ІІО-да қызмет ететін бұрымды 31 қыз-келіншек қатысты. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар ұлттық және нысанды киімде түскен фото-бейнематериалдарын өздері туралы қысқаша мәліметпен қоса әлеуметтік желіде жариялау қажет еді.
Байқау қорытындысы бойынша Айдана Назарбекова «Қазақстан полициясына – 30 жыл» медалімен марапатталды. Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын насихаттау, салт-дәстүрлерді жаңғырту, көркемдік талғамды қалыптастыру және мәдени деңгейді арттыру жастарды тәрбиелеуде маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар әдемі бұрым әрқашан әйелдердің көркі мен ажары саналатынын тілге тиек етті.
Мен бұл байқауға мұқият дайындалдым. Этика, ептілік, әдептілік – әр қыздың бойында болуға тиіс дүниелер, – деді Айдана Назарбекова.
Полиция лейтенанты 2018 жылдың тамыз айынан бастап полиция органдарында қызмет етеді. 2022 жылдың қаңтарында ол Май ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы лауазымына тағайындалған.