Алматы облысында әйел түрмеден қашып кетті
Осы жағдайға байланысты қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметтік тергеу жүргізеді
Жауғашты колониясында жазасын өтеп жатқан әйел түрмеден қашып кетті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, оқиға 12 мамырда болған.
Сотталған әйел жедел іздестіру іс-шаралары барысында мекеменің маңында ұсталды.
Бұл факт ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді. Алматы облысы Іле ауданы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Болған фактінің мән-жайын анықтау үшін қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметтік тергеу жүргізеді, - деп хабарлады департамент.
Тексеріс нәтижесі бойынша лауазымды адамдар қолданыстағы заңнама шеңберінде тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, Қазақстанда сотталған 1 747 әйел жазасын түрмеде өтеп жатыр. Ел бойынша сотталған әйелдер жазасын өтейтін 6 мекеме бар.
Олар Алматы облысы Іле ауданындағы Жауғашты ауылында (560 әйел), Атырау қаласында (163 әйел), Абай облысы Жарма ауданындағы Жанғызтөбе ауылында (157 әйел), Қарағанды облысының Абай ауданында (437 әйел) және Шымкент қаласы (209 әйел), Петропавл қаласында (221 әйел) орналасқан.
Сондай-ақ 2022 жылы жазасын өтеу мекемелеріне 446 әйел түсті.