Баллистикалық сараптамалар тағайындалды
Шығыс Қазақстан облысында ер адамнан қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 15 мамырда Серебрянск қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тіркелмеген қаруды сақтау фактісі анықталған. Қала тұрғындарының бірінен оның жеке секторы аумағында полицейлер тіркелмеген 5 тегіс ұңғылы мылтықты, ұсақ калибрлі мылтықтың ұңғысын, 3 аңшылық пышақты, сондай-ақ 50-ден аса патронды тәркіледі. ШҚО ПД баспасөз қызметі қазір полицейлер тіркелмеген қарудың қайдан шыққанын анықтап жатқаны туралы түсініктеме берді. Баллистикалық сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ өңірде «Қаруды тапсыр» науқаны өтіп жатқанын, оның аясында заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатынын атап өтті. Қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әрбір бірлігі оның техникалық күйін ескере отырып, республикалық бюджеттен 10-нан 100 АЕК-ке дейінгі төлем көзделеді.