Halyq Uni логотип
×

«Қаржыны төктік»: депутат Назарбаев университетінің жұмысын сынға алды

Университетті бақылауға алу үшін заңға өзгеріс енгізіліп жатыр

 Дәурен Ерболат 17.05.2023 | 17:09
«Қаржыны төктік»: депутат Назарбаев университетінің жұмысын сынға алды
коллаж: Halyq Uni

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Мұрат Әбенов Назарбаев универсиетіне қомақты қаржы бөлінгенін, бірақ Қазақстан ғылымында айтарлықтай жетістік жоғын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«15 жылда біз Назарбаев университетіне барлық жағдайды жасадық, қаржыны төктік. Зертхананы соларға бердік, статусын күшейттік. Оларды ешкім тексермеді. Бәрін бердік, алайда нәтиже жоқ. 2020 жылы (жоғары оқу орнына) 7 млрд 600 млн теңге, 2021 жылы – 7 млрд 21 млн теңге, 2022 жылы 2 млрд 154 млн теңге бөлінген. Бұл қомақты қаржы ғой. Алайда нәтиже қандай екені белгісіз. Мысалы, олар бір жылда 15 патент қана алған.

Барлық университеттің аузынан жырып алып, бәрін осыған (Назарбаев университетіне) бердік. Бірақ олардың басқа жоғары оқу орындарымен байланыс жасағанын естімедік. Халықаралық төрт бірдей рейтингті көрдім. Назарбаев университеті ешбірінде жоқ.... Бөлінген қаржы қайда кетті?», - деді депутат.

Сұраққа Назарбаев университеті ғылыми әкімшілендіру бөлімінің директоры Асанбай Жұмабеков жауап беруге тырысты.

Рұқсат берсеңіздер, орысша сөйлейін. Бүгінде Назарбаев университетінде 300-ден аса ғылыми техникалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар ауыл шаруашылығы университетін қолдау әрі демеушілер қаражаты есебінен қаржыландырылады.

2020 жылдан бері Назарбаев университеті бірлескен зерттеулердің жеке бағдарламасын іске асырып жатыр. Оған қазақстандық жоғары оқу орындары қатыса алады. Бүгінде біз 75 жобаны қаржыландырып жатырмыз. Онда 34 отандық университет қатысуда.... Сізді университет жұмысымен танысуға шақырамыз, - деді ЖОО өкілі.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетін тексере алмайтынын мойындады.

«Аталған жоғары оқу орнының жұмысы бөлек өзінің заңымен реттеледі. Университетті басқару жүйесі өте күрделі. Оны ашық айтуымыз керек. Енді түсініп жатырмыз. Үш бірдей қамқоршы кеңес бар. Назарбаев қоры бөлек, «Назарбаев зияткерлік мектептері» бөлек, Назарбаев университеті өз алдына бір бөлек. Оның қамқоршы кеңесінің үстінен тағы бір қамқоршы кеңес қарайды. Министр ретінде қамқоршы кеңестің мүшесі де емеспін. Себебі, мені (қамқоршылық кеңеске) кіргізу үшін алдымен заңды өзгертуіміз керек», - деді ведомсво басшысы.

Министр қазір Үкімет деңгейінде заңға тиісті өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.  

Мұрат Әбенұлы, сөзіңізбен толық келісемін. Күрделі процесс. Шын мәнінде жоғары білімнің даму бюджеті бір университетке берілді... Заң өзгерген жағдайда біз (Назарбаев университетін) ақырындап бақылауға аламыз, - деп сөзін түйіндеді Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама