×

Әйелдерге арналған ипотека: бір бөлмелі пәтер алған семейлік әйел қуанышын бөлісті

«Ұмай» бағдарламасы бойынша бұл жолы 15,6 млрд теңге бөлінді

 Айгерім Таубай 17.05.2023 | 15:10
коллаж: Halyq Uni

Тек әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы арқылы семейлік Айнұр Аймұхамбетова ипотека рәсімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Ұмай» ипотекасына өтінім қабылдау 10 мамырда басталды. Бұл жолы әйелдердің тұрғын үй алуы үшін 15,6 млрд теңге қарастырылған еді. Бағдарлама бойынша өтінім қабылдау жарты жұмыс күні ішінде тоқтады.

42 жастағы Айнұр Аймұхамбетова «Ұмай» бағдарламасы туралы 9 мамырда білген. Ол Семейдегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығында директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді.

Әйелдерге арналған ипотека туралы туыстарым айтты. 10 мамырда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, таңғы 9-дан 12-ге дейін кезек күттім. Қай жерде жұмыс істейтінімді айттым, жеке куәлігім арқылы деректерді тексерді. Зейнетақы қорына жиналған қаражатты да тексерді. Артынша 13 млн теңге сома беріледі деген жақсы хабар айтты. Жылдамдатып, сол күннен бастап үй іздедім. Сәті түсіп үйді де таптым. 2-3 күннің ішінде үйді өз атыма аударып алдым, - дейді баспаналы болған Айнұр Аймұхамбетова.

Айтуынша, құрылысы 2022 жылы басталған тұрғын үй кешенінен пәтер алған.

«Ең алдымен «Ұмай» бағдарламасы табыс көзіне және зейнетақы қорына түскен қаражатқа қарайды. Сондай-ақ несие тарихы да маңызды. Кей адам несие төлеу барысында «қара тізімге» кіріп кетеді. Бұл да ипотека рәсімдеуге кедергі болады. Ипотеканы 14,4%-бен 10 жылға рәсімдедім. Бір бөлмелі үй, 39 шаршы метр пәтерді 13,5 млн теңгеге алдым. Бастапқы жарна ретінде 15%-ын төледім. Себебі менің айлық табысым 300 мың теңге», - дейді семейлік әйел.

Егер ипотека алуға өтінім берген әйелдің айлық табысы 550 мың теңгеден төмен болса, бастапқы жарна ретінде пәтер құнының 15%-ын төлейді. Егер жалақысы 550 мың теңгеден көп болса, бастапқы жарна – 20%.

Бұл менің көптен күткен арманым. Әйел үйлі болсам деп ойлайды. Арманым орындалды. Туған-туыс болып қуанып жатырмыз. Әйел болған соң жинап отырған қоры болады. Бастапқы жарнаны төлейтін кезде анамнан қаржылай көмек сұрадым. Сандығын ашып, жетпеген соманы берді. Несие алмадым, қарыз сұрамадым. Анам көмектесті, - дейді семейлік әйел.

Айта кетейік, «Ұмай» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 8,4 млрд теңгеге 954 несие берілген. 2022 жылы 14 млрд теңге көлемінде екінші транш қабылданып, 1120 қыз-келіншек баспаналы болды.

Отбасы банктің хабарлауынша, 15,6 млрд теңге сомасында үшінші транш бөлінді.

Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларына заемның жалпы көлемінің 40% аспайтын бөлігін немесе 200-ге жуық несие бөлу жоспарланды.

Несиенің 60% облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына беріледі. Бастапқы нарықта (жаңа ғимараттарда) және екінші нарықта тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 14,4%-дан (ЖТСМ - 15,4%-дан) басталады. Несие 25 жылға дейін беріледі.

Сондай-ақ несиені онлайн түрде ресімдеуге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама