Halyq Uni логотип
×

«Жұмысыңды істе, араласпа»: экс-министр Мұхамедиұлы сотында жауап берді

Ақтоты Райымқұлова 2019 жылы министр болып тағайындалды, ол кезде Мұхамедиұлы Ұлттық музейді басқарған

 Айгерім Таубай 17.05.2023 | 12:31
«Жұмысыңды істе, араласпа»: экс-министр Мұхамедиұлы сотында жауап берді
Фото: Halyq Uni

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сотқа куәгер ретінде қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Райымқұлова «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы мемлекет басшысының мақаласы негізінде басталғанын айтты.

Бұл мемлекеттік бағдарлама болғандықтан оған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы басшылық етті.  Ішіндегі бағыттар бойынша комитеттер мен департаменттер жұмыс істеді. Министрлікке бағынышты ұйымдар бар, олар жобаларды іске асырумен айналысады. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын әу бастан Ұлттық музей іске асырды. Себебі «Алтын адам» Ұлттық музейде тұр, - деді сотта Ақтоты Райымқұлова.

Куәгердің айтуынша, мұндай жобалар жоспар бойынша іске асады. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасын түгел Ұлттық музей ұсынған. 

«Вице-министр ретінде (Ақтоты Райымқұлова 2016-2019 жылдары вице-министр болған) мәдениетке қатысты барлық жобаға жетекшілік еттім. Алайда «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі жобасына министр Арыстанбек Мұхамедиұлы жеке жетекшілік етті», - деді Райымқұлова.

Айтуынша, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы талқыланған кезде министр Мұхамедиұлы мен министрлікке бағынышты мекеме өкілдері жиналысына Райымқұлова шақырылмаған.

Мұхамедиұлы департамент директоры Алмас Нұрасхан және Ұлттық музей директоры қызметін уақытша атқарушы Леонид Кочетов тікелей байланыста болды, - деді ол.

Айтуынша, Райымқұлова мәдениет саласы бойынша тапсырмаларды беретін кезде өзін де жиналысқа шақыруды сұраған. Алайда Мұхамедиұлы «бар, жұмысыңды істе, араласпа» деген.

2020 жылы наурызда 5 елде көрме өткізіледі деп жоспарланған. Ол тізімде АҚШ, Литва, Индонезия, Италия және Германия бар.

АҚШ пен Италия бірден бас тартты. Литва, Индонезия және Германия қалды. Бірақ неге екені белгісіз Ұлттық музей директоры (Арыстанбек Мұхамедиұлы – ред.) Үндістанда көрме өткізу туралы шешім қабылдаған. Мен оған рұқсат берген емеспін. 2020 жылдың басынан коронавирус бойынша жағдай күрделене бастады. Ақпанда көптеген ел, оның ішінде АҚШ пен Литва жағдайдың қиын екенін ескеріп көрмені өткізуден бас тартқан болуы мүмкін. Ұйымдастырушыларға барлық іссапар, кинофестиваль өткізуді тоқтату туралы ауызша нұсқау берілді. Оның ішінде халықаралық көрме де бар, - деді Ақтоты Райымқұлова сотта.

Айтуынша, шетелде көрме өткізуге рұқсат берілмеген.

«Ешкімге шетелге шығуға рұқсат берген жоқпын. Оның ішінде тізімде болмаған Үндістанға баруға рұқсат берілмеді. Материалдардың шетелге жіберілгенін кейін білдім. Тіпті көрмені Үндістанда өткізгелі жатқаны туралы да білмедім. Мен рұқсат бермедім. (...) 17 наурызда Үндістанда да локдаун жарияланып, барлық іс-шара тоқтатылды. Сол себепті қызметтік хат жазылып, көрмеге жіберілген материалдарды шұғыл түрде қайтару ұсынылды. Себебі көрмені 18 наурызда ашпақ болған. Ал қалған 4 елде көрме өткізуге бөлінген қаражат республикалық бюджетке қайтарылды», - деді Райымқұлова.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.

Прокурор Еркеғали Зәкіровтың айтуынша, қылмыстық топ құрамында Мұхамедиұлы Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама