Бағаның төмендігін алыпсатарлар пайдаланып жатыр
Үкіметтің қаулысымен тек өндірушілер экспорттай алатын тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі бекітілді, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Бұл шара өнімді Қазақстан аумағынан шығаруға тосқауыл қою және отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау үшін қабылданды. Аталған норма фермерлерге аса қажет аммоний нитраты және аммофос сияқты тыңайтқыштар түрлеріне қатысты.
Ішкі нарықты, әсіресе, көктемгі егіс маусымы кезінде осы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету маңызды. Бұл мақсатта Үкімет олардың құнын 50% көлемінде субсидиялайды.
Сондай-ақ бағаның төмендігін алыпсатарлар да пайдаланып кетіп жатыр. Осылайша, кеден органдары елімізде субсидияланатын тыңайтқыш өндірушілерден бөлек, нарық субъектілері экспорттаған фактілерді де тіркеп жатыр. Бұл отандық аграрийлердің сұранысын қамтамасыз етуге кері әсер етеді.
Сондықтан Үкімет тыңайтқыштардың осы түрлерін оларды өндірушілерге ғана экспорттауға айрықша құқық беру туралы шешім қабылдады.
Отандық аграрийлердің тыңайтқыштарға деген сұранысы өңір әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес басым тәртіппен қамтамасыз етілмек.
Қабылданған қаулы негізінде заңда белгіленген мерзімде тиісті лицензиялар беру тәртібін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық акті әзірленеді. Осылайша, ИИДМ Индустриялық даму комитеті лицензия берумен айналысады.