«Ақылы оқуға ауысуға қаражат жетпейді»: әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай ЕҰУ-ден қалай шығып қалды?
1-курстың ортасынан бастап стипендиямды алып тастады, - дейді боксшы
Журналист Ғалым Қожабеков Facebook-тегі парақшасына бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Санжар Тәшкенбайдың оқудан қалай шығып қалғаны туралы жазды.
Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты. Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік. Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқыған Санжар 17 жасында бокстан Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионы атанды. Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды, - дейді әріптесіміз.
Айтуынша, ол әңгіме арасында чемпионның қайда оқитынын сұраған.
Ол болса, «Ешқайда оқымаймын. 2021 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түскен едім, оқытушы-жаттықтырушы мамандығына. Бірақ оқуым ұзаққа бармады, 1-курстың ортасынан бастап стипендиямды алып тастады. Одан кейін сабаққа белсенді қатыспағаным және жазғы практикаға қатыспағаным үшін оқудан шығып қалдым. Ақылы оқуға ауысайын десем, қаражат жетіспейді. Үйде менен басқа 5 бала бар, әкем – қарапайым таксист, анам үй шаруашылығынан босамайды, - деп жауап берген сонда Санжар Тәшкенбай.
Оқудан шығып қалатын кездері ол жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындықта жүрген екен. Тынымсыз жаттығулардың арқасында екі жарыста да чемпион болған. Ал 2022 жылы ересектер арасындағы чемпионатта да биік тұғырдан көріне білді. Сөйтіп жүргенде ЖОО басшылығы оны оқуынан шығарып жіберуді ұйғарған.
«Енді не істейсің десем, «Көкшетаудағы педагогика институтына баратын шығармын, спорт өмір бойы серік болмайды ғой» деп отыр кеше ғана әлемді мойындатқан Санжар чемпион», - дейді Ғалым Қожабеков.