МӘМС қаражатын қайтарып беру: министр депутаттың сынына жауап берді
Тұрғындардың бәрі заң аясында медициналық көмек алуға тиіс
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына аударылған қаржы қазақстандықтарға қайтарылмайды. Себебі, заңда оны қайтарудың тетігі қарастырылмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Рахымжанов медициналық ұйымдарға жүгінбеген қазақстандықтарға МӘМС қорына төленетін төлем жалпы сомасының 50%-ын өтеуді ұсынған.
Бүгін Денсаулық сақтау министрі депутат көтерген мәселеге пікір білдірді.
«Заңда бұл жүйе (МӘМС) әлеуметтік және ынтымақтастық арқылы жасалғаны көрсетілген. Сондықтан (ондағы) қаржы қайтарылмайды. Биыл адам ауырмай, оған 50 мың теңге қайтарылса, яғни орташа жалақыдан 100 мың теңге жиналған жағдайда, келесі жылы оған миллион теңгеден аса көлемде медициналық көмек керек болуы мүмкін. Сондықтан бұл көмектің бәрін алу үшін қаржы қайтарылмайды. Заң бойынша қаржыны қайтарып беру мүмкін емес», - деді Ажар Ғиният.
Министрдің пікірінше, МӘМС жүйесі қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға оң әсер еткен.
Мысалы, коронарографияны, миокард инфаркты кезіндегі жіті коронарлық синдром дертін алайық. Оны емдеу құны – 1,5 млн теңгеге дейін. Сондықтан бұл жүйе бастапқыда "дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін ынтымақты жүйе" ретінде құрылған, - деді министр.