Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде қазірдің өзінде жағдай күрделі
Биыл Қазақстанның батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі жоғары болады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазгидромет» РМК болжамынша, биыл жаз ыстық әрі құрғақ болады деген болжам бар. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Сондықтан ТЖ-ның алдын алуға баса көңіл бөлу керек», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде қазірдің өзінде жағдай күрделі.
«Өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні елордаға дейін жетті, ал табиғи өртке қарсы дайындық талапқа сай болмай тұр. Біз мұның қайғылы жағдайға әкеп соғатынын көріп отырмыз.
Мәселен, өткен аптада ғана Іле Алатау ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты. Үкіметтің және жеке өзімнің атынан марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. ТЖМ мен Алматы қаласының әкімдігі қайтыс болған сержанттың отбасына көмек көрсетуі қажет», - деді премьер-министр.