Halyq Uni логотип
×

СҚО-да соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясы тәркіленді

Күдіктілердің біреуі есірткі сатумен байланысты қылмысы үшін істі болған

 Динара Амантай 16.05.2023 | 10:56
СҚО-да соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясы тәркіленді
Фото: polisia.kz

СҚО полицейлері соңғы 10 жылдағы ең ірі есірткі партиясын тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, солтүстікқазақстандық полицейлер жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткі жеткізу арнасының жолын кескен. Атап айтқанды, аса ірі мөлшердегі марихуана партиясы тәркіленді.

Күдіктілерді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері ұстады. Петропавл-Астана автожолында тәртіп сақшылары Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісінен көлікті тоқтатуды талап еткен. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын елемей, жасырынбақ болды. Көп ұзамай, жедел уәкілдер автокөлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатты. Көлік ішінде 29 және 30 жастағы екі петропавлдық болды. Жасы кішісі бұрын есірткі саудасымен байланысты қылмысы үшін істі болған.

Жүксалғыштан өсімдік тектес зат салынған 5 қап тәркіленді. Сараптама оның жалпы салмағы 128 келі кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.

Кейін тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің көлікжайынан 300 келі марихуана мен 21,3 келі гашиш жасырылған орын анықталды. Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 464 келі болды.

Бұл – соңғы 10 жылда облыс полицейлері тәркілеген ең ірі марихуана партиясы. Аталған факті ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды, тергеу жүргізіліп жатыр, – деді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама