Қайғылы жағдайда қаза тапқан өрт сөндіруші «Айбын» орденімен марапатталды
Арслан Құрманбеков қызметтік борышын атқара жүріп, көз жұмды
Президент Жарлығымен Алматының іргесіндегі төтенше оқиға кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін ТЖМ Алматы қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков (марқұм) ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды, – делінген Ақорданың ресми сайтында.
Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков – азаматтық қорғаныс сержанты.
1994 жылы 23 тамызда Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Талғар қаласында туған.
Еңбек жолын Алматы қаласы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде бастаған.
Алматы қаласы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №1 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.
ТЖМ Алматы қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымына 2019 жылы тағайындалған.
Биыл 8 мамырда Арслан Құрманбеков Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі өртті сөндірген жедел топтың құрамында қызметтік борышын атқара жүріп, қайғылы жағдайда қаза тапты.