Сарыағаш ауданының тұрғыны танысының көлігін қасақана өртеп жіберген

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: polisia.kz

Түркістан облысының тұрғыны ауылдасының көлігін өртеп жіберген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, ауылдасы күндіз үйінің алдында тұрған ВАЗ автокөлігін заңсыз айдап кетіп, артынан өртеп жіберген. Келтірілген шығын көлемі – 1,5 млн теңге.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 200-бабы («Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу») бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары болған оқиғаны ізін суытпай ашу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, полицияға жеткізілді.

Белгілі болғандай, күдікке ілінген ер адам жәбірленушімен бұрын араздасып қалғаны есіне түсіп, мас халде оның автокөлігін ұрлап кетіп, зақым келтірген.

Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.