×

Қаңтар оқиғасы: депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Құжатта діни экстрезим және терроризмге қарсы күресті күшейту көзделген

 Дәурен Ерболат 15.05.2023 | 11:04
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжатты депутат Айгүл Құспан таныстырды. Заң жобасы биыл 20 сәуірде қолға алынған.

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта құрудың маңызын ерекше атап айтқан. Осыған байланысты біз, депутаттар ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру аса маңызды деп есептейміз. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда аса өзекті екенін ескеріп, осы заң жобасына бастамашы болып отырмыз. Заң жобасында ұлттық қауіпсіздік қағидаттарының өзгеруі адам құқығы басымдығы принциптерін еш жоққа шығармайды. Керісінше, оларды Конституцияға сәйкестендіретін болады, - деді ол.

Сондай-ақ құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштердің заманауи сынақтарға дайындығын арттыруды әрі заңнамадағы кейбір олқылықтарды жою көзделеді. Оның аясында 2 кодекске және 11 заңға түзетулер енгізіледі.

Біріншінден, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге септігін тигізетін нормаларды енгізу көзделеді.

Екіншіден, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады.

Үшіншіден, қаралып отырған заң жобасында қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарында жекешеленген күннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдыратын нормалар ұсынылып отыр.

Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне, біліктілігіне, әлеуметтік қорғалуына қатысты түзетулер ензігу көзделеді.

- Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңның қолданыстағы редакциясында қызметтік тәртіпті сақтау міндеті бірінші басшыларға жүктелген болаты. Енді арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке дара бірінші басшыларға емес, барша бөлімше басшысына жүктеу ұсынылады.

Бұған қоса, барлық басшыға ұлттық қауіпсіздік органдарының кард құрамын патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тапсырылады.

Жеке құраммен жүргізілетін бұл жұмыс ұлттық мәдениетке, дәстүрге, мемлекеттік тілді білуге, жауынгерлік рухты нығайтуға, ұжымдағы оңтайлы адамгершілік, моральдық психологиялық ахуалды сақтауға бағытталады, - деді депутат.

Сонымен қатар заңдағы бірқатар норма әскери қызметті атқару тәртібін жақсартуға бағытталған.

Құжат діни экстрезим және терроризммен күресті күшейтуді көздейді.

Діни экстремизмнің алдын алуды заң тұрғысынан реттеу ұсынылады. Бүгінде заңнамаға сәйкес, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға терроризмге тойтарыс беру, оның салдарымен күресу ғана жүктелген. Оның діни аспектілері мүлдем қарастырылмаған. Бұл дұрыс та шығар.

Біздің ойымызша, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, оған қарсы ақпараттық жұмыс шараларын естен шығаруға болмайды. Сондықтан терроризмге қарсы коммиссия шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизнің алдын алу жүзеге асыратын өкілеттілік беру керек. Сондай-ақ терроризмге қарсы орталық осы жұмыстарды үйлестіріп, оған бас-көз болуы шарт деп есептейміз, - деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама