×

«Жер халыққа қайтарылсын». СҚО-да жер мәселесіне қатысты жиынға Құмар Ақсақалов келген жоқ

Ғабит Мүсірепов ауданындағы жиынға Мұхтар Тайжан мен Құрмет Талапқазы қатысты

 Самат Жақып 16.04.2022 | 18:58
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында жер мәселесіне қатысты тағы да шу шықты. Алаяқтардың арбауына түсіп қалған халық жергілікті биліктен әлі күнге дейін еш көмек болмай тұрғанын айтады.

Бармаған жері қалмаған белсенділер бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Чистополье ауылына жиналды. Шараға танымал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мен былтыр Батыстағы қуаңшылықтан малы қырылған қауымға тонналап жем-шөп жеткізуге көмектескен Құрмет Талапқазы да қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Тайжан елімізде «Жер қорғаны» атты саяси партия құратынын айтқан. Кейін әлеуметтік желілелерде 16 сәуірде Қазақстанда жер үшін жалпы ұлттық бейбіт митинг ұйымдастыратынын мәлімдеп, халықты оған қатысуға шақырған болатын. Араға бір айдан астам уақыт салып қоғам белсендісі тағы теріскейліктердің мұң-мұқтажын тыңдады. Себебі өңірде ауыл шаруашылығына тиесілі жерлер алаяқтық жолмен аукционға шығарылып, жаппай заңсыз сатылып кеткен.

«Елімізде жер мәселесі өткір. Дегенмен біздің де жетістіктеріміз аз емес. Мәселен, қаңтардан бастап ашық кадастр цифрландыру жүйесі іске қосылды. Мен ол үшін шамамен бес жылдай күрестім. Президенттің өзі бастамамды қолдады. Енді қазір кез-келген адам компьютер алдында отырып, кез-келген өңірді таңдай алады. Яғни, бұл жерлер кімге тиесілі, оны кім жалдап отырғанын анық көруге болады. Бұдан бөлек, менің ұсынысым бойынша ғарыштық мониторинг жобасы Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында іске қосылған еді. Осы төрт өңірде 2020 жылы пайдаланылмай жатқан 8 миллион гектардан астам жер анықталды. Тең жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бірақ, бұл жүйе латифундистерге ұнамады. Сондықтан былтыр Сапархан Омаров пен қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мырза бұл жүйені тоқтатып тастады. Мен еліміздің барлық өңірін аралап жүрмін. Байқағаным, пысықайлар құйтырқылықпен жерлерді заңсыз иеленіп алған. Сан соғып қалған - тек халық. Міне Солтүстікте де осындай жағдай. Сондықтан жерді жалға алу мерзімін қысқарту керек. 49 жыл дегеніміз өте көп. Онымен қоса тиісті дегейде дивидендтер төленуге тиіс. Қазір елімізде 40 миллион гектар жайылымдық жер бос тұр. Бұл дегеніміз Германия елінің аумағынан көп. Сондықтан осы жерлер халыққа қайтарылсын. Президент осы проблеманы шешуге атсалысуы керек деп санаймын. Осы мәселеге көңіл бөлетін уақыт жетті», - дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.

Бұл жолғы басқосуға Айыртау, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандарының белсенділері жиналды. Олардың бәрі өздеріне тиесілі жері үшін соттан-сотқа жүгіріп жүрген азаматар. Бірақ сот бұл мәселені халықтың пайдасына шешер емес.

«Біз осыдан он шақты жыл бұрын заңсыз сатылып кеткен Балуан ауылының жерін қайтара алмай жүрміз. Соттасып жатқанымызға 3-4 жыл болды. Көмек сұрап Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұловқа да бардық. Шенеунік заңгерлері бізге көмектесетінін айтып шығарып салды. Бірақ сотта бәрі керісінше. Мәселен, Шал ақын ауданы әкімдігінің заңгері Роман Осипов пен Жер қатынастары бөлімінің басшығы Жеңіс Жақыпов біздің құқығымызды қорғамай, халыққа қарсы екенін көрсетті.  Қазір Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына апелляциялық арыз бердік. 4322 гектар жерімізден айырылып, ауылымыз құрдымға кетті. Мында жиналған ағайындардың бәрінде осындай мәселе. Не тиісті пайын ала амай жүр. Шынын айтқанда аудандық, облыстық әкімдерден еш көмек жоқ. Ал сот халықтың проблемасын шешіп беруге асығар емес. Біз енді Қасым-Жомарт Кемелұлынан көмек сұраймыз. Жаңа Қазақсанды құрамыз десек, мемлекет басшысы халықпен бірге екендігін көрсетуі керек», - дейді Балуан ауылының тұрғыны Диқан Кәрішалов.

Читополье ауылында өткен жиынға тұрғындар облыс әкімі Құмар Ақсақаловты арнайы шақырған. Алайда, өңір жетекшісі бұл жолы да төбе көрсетпеді.

«Президент әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесіп тұрсын деген еді. Сондықтан біз бұл шараға облыс әкімін арнайы шақырттық. Сәйкесінше оған қоятын сұрақтарымызда көп еді. Жеке өзім «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы облыстық әкімдікке хат жолдадым. Бірақ, облыс басшысы белгілі себептермен келе алмады. Ғабит Мүсіперов ауданы әкімі мен құзырлы орган өкілдерін жіберген. Ал олар проблеманы шеше алмайды», - дейді Чистополье ауылының тұрғыны Талғат Әбілпейсов.

Мұндай проблемаға тап болған – тек Балуан тұрғындары емес. Сондықтан, жақын арада мәселе оң шешімін таппайтын болса, мыңдаған тұрғын облыс орталығы Петропавл қаласына жиналуды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама