Павлодарда танысын ұрып өлтірген ер адам сотталды

Динара Амантай

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады

Фото: Halyq Uni

Павлодарда танысын ұрып өлтірген ер адам сотталды, дғеп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

11 мамырда Павлодар қаласының №2 сотында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша 37 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық істі қаралды.

Сотта анықталғандай, 2022 жылдың 21 қарашасында сотталушы үйінің жанындағы гаражда танысымен бірге алкогольдік ішімдік ішіп, артынша олардың арасында жанжал туындайды. Ол өзара төбелеске ұласып, оның барысында сотталушы жәбірленушінің басынан темір газ кілтімен бірнеше рет соққылар жасап, салдарынан соңғысы Павлодар қалалық №1 ауруханасында ашық бассүйек-ми жарақатынан көз жұмды.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленуші оған шабуыл жасап, бірнеше рет тұншықтырып өлтіргісі келгендіктен өзін қорғау үшін осындай қадамға барғанын айтып ақталды.

Сотталушының кінәсі сараптама қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Сондай-ақ сотталушының жәбірленушіні өзін-өзі қорғау мақсатында ұрып-соғу туралы уәждерін негізсіз деп санады, өйткені сотталушының бойында тұншықтырудың іздері болмаған.

Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сот ер адамға 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтеу туралы үкім шығарды.