Алматы облысында колонияға шелпектің ішіне телефон мен насыбай жасырып өткізбек болған
Тыйым салынған заттарды бандероль арқылы жіберген адам анықталды
Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №12 мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғандарға келген бандероль ішіндегі шелпектерден тыйым салынған заттар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мекеме қызметкерлерінің қырағылығының арқасында, сотталғанға бандероль сәлемдемені тапсыру кезінде шелпек ішінен скотчталған 7 орам табылған. Олардың ішінен 2 ұялы телефон, 40 дана ақ түсті белгісіз дәрілер, құлаққап, зарядтағыш құрылғы және 6 дана насыбай бумалары табылып, тәркіленді. Тыйым салынған заттарды бандероль арқылы жіберген адам анықталды.
Аталған деректер бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазір тәркіленген белгісіз дәрілерді анықтау үшін сот-химиялық сараптама тағайындалды, – деді ҚАЖД бастығы Игілік Хасенов.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ жаза көзделген.