Halyq Uni логотип
×

Алматыда мопед жүргізушісі полицейді қағып кетіп, оқиға орнынан қашпақ болды

Құқық бұзушы жеткізуші компаниялардың бірінің 23 жастағы курьері болып шықты

 Динара Амантай 13.05.2023 | 09:34
Алматыда мопед жүргізушісі полицейді қағып кетіп, оқиға орнынан қашпақ болды
Фото: polisia.kz

Алматыда мопед жүргізушісі полиция қызметкерін қағып кетіп, оқиға орнынан қашпақ болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға кеше 16 сағат 00 минут шамасында Алматының Медеу ауданында болған.

Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысында басына дулыға кимеген мопед жүргізушісін байқап қалдық. Тоқтау туралы бұйрықты орындамады. Керісінше, жоғары жылдамдықпен жеке сектор арқылы жасырына бастады. Сонымен қатар, ол жол қозғалысына қатысушыларға нақты қауіп төндірді. Қуыс көшеде мопедті жаяу қуа бастадым. Мопедист артқа бұрылып, әдейі маған қарай жүрді. Соқтығысуды болдырмау мүмкін болмады. Мен құладым. Ал, мопедист көлік құралын басқара алмай, кедергіге соқтығысты. Содан кейін ол ұсталды, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Жәнібек Оразбаев.

Құқық бұзушы жеткізуші компаниялардың бірінің 23 жастағы курьері болып шықты.

Полиция қызметкері ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы және полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбау деректері тіркелді. Мопед жүргізушісі ҚР заңнамасына сай жауапкершілікке тартылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама