Депутат шаруалардың жанайқайын жеткізді

Дәурен Ерболат

Қазақстан импортқа тәуелді елге айналуы мүмкін

Фото: eldala.kz

Бүгінде дихандар тиісті қаржыны ала алмай, банкрот болудың алдында тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде жылыжай шаруашылығымен айналысатын және бау-бақша өнімдерін өсіретін шаруаларға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілмей отыр.

«Қазіргі ең басты проблема – дихандарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қаражат тауып беру. Осы жиынның алдында шаруалармен сөйлестім. Бүгінде бау-бақша өсіретін, жылыжаймен айналысатын дихандарымыз Үкіметтің жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасынан қол үзген.

Оларға «Кең дала» бағдарламасымен қаржы алуға мүмкіндік жоқ. Бұл – жоғары технологияны және еңбек өнімділігін қажет ететін салалар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Аграрлық несиелік корпорациясы бар болғаны 262 бюджеттік бағдарламаның қаржылық экономикалық негіздемесіне өзгеріс енгізсе жеткілікті. Сонда мәселе толықтай шешіледі деп отыр, – деді депутат Түркістанда өткен Мәжілістің көшпелі отырысында.

Қаржылық қиындыққа тап болған кәсіпкерлер өндірісті тоқтатуға мәжбүр.

«Қазір жылыжай шаруашылығымен және бау-бақшамен айналысатын дихандардың қаржылық жағдайы өте нашар. Олар банкрот болудың алдында тұр. Үкімет қолдауынан күдер үзген кейбір азаматтар бизнесін сатып жатыр. Қаржы ұйымдарының бюрократиясынан шаршаған дихандар өндірісті тоқтатуда», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутат дихандарға қолдау көрсетілмесе, Қазақстан толық импортқа тәуелді болады деген пікірде.

Ішкі нарықты қорғау және импорт мәселесі өзекті. Қазір контрабандамен келіп жатқан арзан қызанақ пен қияр, онсыз да шаруаларға сын болды. Көрші елдерден арзан қызанақтар жеткізіліп жатыр. Тиісінше, осы бағадан кедендік салық пен төлемдер төленеді, ал контрабандамен келген көкөністер ештеңе төлемейді. Мемлекеттік органдар ішкі нарықты қорғау үшін шаралар қабылданса, баға өсіп кетеді деп қорқады. Баға өспейді, тек алыпсатарлардың пайдасы азаяды, - деді ол.

Айдарбек Қожаназаров контрабанда арқылы жеткізілген өнім қазақстандық өнімге айналып, диқандардың құжатымен экспортқа шығып жатқанын да жеткізді. Мұның салдары ауыр болуы мүмкін.

Егер басқа елде ол көкөністерден ауру тараса, Қазақстан экспорты проблемаға тап болады, – деді депутат.

Оның пікірінше, көкөніс нарығында пайданың 70%-ы алыпсатарларға тиесілі.

«Бұл өнімнің соңғы құнының өсуіне тікелей әсер етуде. Мысалы, жылыжайдағы 500 теңгенің қияры базарда 1200-1500 теңгеден сатылып жатыр. Диқандар егістік жерден өнімін делдалдың талабы бойынша сатады. Сұрыпталмаған, жуылмаған тауар арзан тұрады. Өнімді жеткізіп беретін көлік те жоқ.

Мәселені шешу үшін дихандардың көп шоғырланған жерде өнімді сорттау, тазалау және қаптау орталықтарын салуы қажет. Әр орталықтың сол ауданның негізгі өнім өсіру бағытын ескеріп салынуы маңызды, – деді Қожаназаров.