Кешен мемлекеттің қорғауына алынған
Жамбыл облысындағы Ақыртас тарихи кешені бақылаушы мен күзетшісіз қалды. Бұл кешен ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне еніп, мемлекеттің қорғауына алынған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Тараз қаласына жол түсіп, өңірдегі тарихи мәдени нысандарды аралап қайтуды жөн көрдік. Қаладан 40 шақырым жерде орналасқан «Ақыртас» кешенін көру мақсатында жолға шықтық.
Уикипедиядағы мәліметте бұл кешеннің VIII-IX ғасырларда салынғаны жазылған, соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді-міс. Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған. Бүгінгі күнге дейін сақталған қабырғалардың сілемдері 160,146 және 140 м шамасында. Қалыңдығы 80 см дейін жетеді. Қорғанның 4 қақпасы бар: біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте орналасқан. Кешенде тұрғын үйлер, қонақ үй, атқора, су қоймасы, әскери алаң, діни рәсімдер орындалатын орындар болған.
Зерттеушілер «Ақыртас» туралы түрлі болжам айтқан. Бірі бұл жерде будда ғибадатханасы, енді бірі несториан ғибадатханасы болған дейді. Қазақстан мен Франция ғалымдарының бірлескен зерттеуі бұл кешен 8-11 ғасырларға жататын Керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген тұжырымға келген. Ал академик Карл Байпаков салынып бастап, аяқталмай қалған қарлұқ қағанының ставкасы деген тұжырым айтқан.
Сонымен, көздеген жерімізге жеттік. Алайда жұмыс уақыты болғанына қарамастан, кешенге кіре алмадық. Қос қақпасында құлып тұр. Күзетші көрінбейді. Шығып қалар деп күттік. Алайда жарты сағаттан астам уақыт күтсек те, ешкім шықпады. Сол аралықта кешенді көруге тағы бір көлікпен адамдар келді. Жабық тұрғанын көрген соң, кері бұрылып кетті.
Айтпағым, бір кездері Жамбыл облысының әкімдігі журналистер мен блогерлерді шақырып, «Ақыртас» кешеніне арнайы блог-тур ұйымдастырғаны бар. Туристік нысан ретінде әспеттегені есімізде. Бірақ қызықтап келушілер үшін нысанның не себепті жабық тұрғаны түсініксіз болды. Себебін анықтау үшін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне жүгіндік. «Ақыртас» кешені осы музейге қарайды.
Мекеменің мәліметіше, «Ақыртас» кешенінде жұмыс істеген бақылаушылар мен күзетшілер жұмыстан шығып кеткен. Қазір кешенде күзетші жоқ.
Ол жақта бақылаушылар болған. Қараушы және күзетшілер сол жақта тұратын еді. Олар жұмыстан шығып кетті. Олардың орнына басқа адамдар іздеп жатырмыз. Хабарландыру берілді. Күзетші болмағандықтан, қазір музейдің қызметкерлерін 3-4 сағатқа жіберіп тұрамыз. Ол жақта жөндеу жүріп жатыр. Сенбі-жексенбі күні онда бақылаушылар болады. Келушілер үшін кешен ашық болады, – деді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Дохада өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясында «Ақыртас» сарай кешені Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген.