×

Ақмола облысында пойыз бірнеше жылқыны қағып кетті

Малдың иесіне айыппұл салынды

 Динара Амантай 12.05.2023 | 14:56
Фото: polisia.kz

Ақмола облысында пойыз бірнеше жылқыны қағып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 476 фактісі тіркелген. Оның ішінде адамдардың болуы себебінен – 110, темір жол төсемінде үй жануарларының болуына байланысты – 281 және басқа да себептермен пойыз жүрісі шұғыл тоқтатылған. Теміржол бойында мал жайғаны үшін 130 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, 11 мамырда Ақмола облысы Жамантұз-Бурабай станцияларының аралығында «Петропавл-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржолдағы жылқыларды байқап, соқтығысуды болдырмауға тырысып, шұғыл тежеуді қолданды. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмай, салдарынан 7 жылқыны қағып кетті. Пойыз 23 минут тұрақтады. Көкшетау станциясында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жылқылардың иесі – Ақмола облысының 48 жастағы тұрғынын анықтады.

Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Дәл сол күні Ақмола облысының Сарыоба-Еркіншілік аралығында да осындай жағдай болды. «Астана-Павлодар» бағытындағы электр пойызының астына 5 бас жылқы түсті. Бұл жағдайда да мал иесі анықталып, ол теміржол жолағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік полицейлері үй жануарларының иелеріне мұқият болуды және теміржол жолағында мал жаймауды тағы да ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама