«Ерлан Қиясовпен егесіп қалған»: пара берді деген күдікке ілінген Манкеевтің туыстары ереуілге шықты
Күдіктінің анасы ұлын үйқамаққа жіберуді талап етіп отыр
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеев басқа облысқа ауысу үшін басшылыққа ірі көлемде пара берді деген күдікке ілінді. Күдіктінің туыстары Астанаға келіп, санкцияланған митинг өткізді. Олардың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу материалдарында күдіктінің әрекетін дәлелдейтін айғақ жоқ. Алайда күдіктіні бір жарым айдан бері үйқамаққа жібермей отыр. Halyq Uni тілшісі жиналғандармен сөйлесіп, істің мән-жайын білді.
Асхат Манкеевтің үстінен арызды бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі және елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазған. Қиясов қазір министрлікке қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады.
ҚИЯСОВ ЕКЕУІНІҢ АРАСЫНДА ЕРЕГІС БОЛҒАН
Астанаға келгендердің арасында Асхат Манкеевтің әкесі де бар. Оның сөзінше, Қиясов Ұлттық сараптама орталығына басшы болып келген сәттен бастап Манкеевті қудалаған.
Ұлым денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде 2006 жылдан бастап жұмыс істейді. Қызметін елордада бастады. Содан кейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында, Қарасай ауданында қызмет етті. Кейіннен Ұлттық сараптама орталығының Алматы облысындағы филиалының директоры болды. Олардың Астанада басшылығы бар. Басқарма ауысып, Ерлан Қиясов қызметке келген соң ұлымды қудалауға кірісті. Қайта-қайта «жұмыстан кет» деген, - дейді Асхат Манкеевтің әкесі Мұрат Кәдірбекұлы.
Айтуынша, күдікті Асхат Манкеев пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясовтың арасында жанжал болған.
«Ерлан Қиясов екеуі егесіп қалған. Қиясов 2022 жылдың қазанында өзіне Асхат Манкеевтің пара бермек болғанын айтып отыр. Алайда арызды 2023 жылдың қаңтарында жазған. Сол арыз бойынша тергеуге алып, Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары ұлымды бұрын екі рет сотталды деп көрсеткен», - дейді күдіктінің әкесі.
Ал бір жарым айдан бері қамауда отырған Асхат Манкеевтің төрт баласы бар. Бір ұлының бірінші топтағы мүгедектігі бар.
...Наурызда ұлымды қамауға алды. Қауіпті қылмыскер емес, ешқайда қашпайды. Кепіл төлеп, балаларының жанында болсын дедік. Бұл – Ерлан Қиясов екеуінің арасындағы кикілжің, - дейді Мұрат Кәдірбекұлы.
«ӘКІМДІКТІҢ АЛДЫНДА АШТЫҚ ЖАРИЯЛАЙМЫН»
Күдіктінің анасы Ләззат Манкеева ұлын үйқамаққа жіберуді талап етті.
«Ұлымды рецидивист сияқты тергеу изоляторына қамады, содан бері 45 күн өтті. Пара беруші деп айыптап отыр. Бұған шенеуніктер мен судьялардың қатысы бар. Алматыдан 18 сағат жол жүріп келдім. Үшінші топтағы мүгедектігім бар. Егер ұлымды жақында босатпаса, әкімдікке барып аштық жариялаймын. Менде диабет болғандықтан, аштықты көтере алмаймын. Ертеңі өліп қаламын. Менің өлімім шенеуніктер мен судьялардың мойнында болады. Төрт баланы боздатпай, жіберсін», - дейді Ләззат Манкеева.
Әйел Әділетті Қазақстанда мұндайға жол беруге болмайтынын алға тартты.
Әділдік орнасын. Үш баласы кәмелет жасына толмаған. Кепіл төлеп, босатпай отыр. Көрісуге, видео арқылы сөйлесуге мүмкіндік бермей отыр, - дейді күдіктінің анасы.
Ләззат Манкеева сотқа дейінгі тергеу барысында адамның Конституциялық құқығы бұзылып жатқанын мәлімдеді.
АРЫЗДЫ ЕКІ АЙДАН КЕЙІН ЖАЗҒАН
Күдіктінің адвокаты Динара Жұбатованың айтуынша, Асхат Манкеев қазір Жетісу облысы Ұлттық сараптама орталығының директоры қызметі атқармайды. Ал тергеу оның қызметін пайдаланып, іс бойынша куәгерлерге қысым көрсетуі мүмкін екенін айтып, үйқамаққа жібермей отыр.
Тергеу соты да, прокуратура да менің қорғауымдағы Манкеевтің атқарған қызметіне босатылғанын тексермеді. Сәйкесінше іс бойынша қол астында жұмыс істеген адамдардың жауабына әсер ете алмайды. Манкеевке қатысты іс Ерлан Қиясов арыз жазғаннан кейін қозғалды. Екеуінің арасында жанжал болған. Қиясов бірнеше рет қызметінен кетуі қажет екенін айтқан. Тіпті көпшілік алдында ескертулер жасаған. 2023 жылдың қаңтарында арыз жазған. Ол жерде күдіктінің Қиясовқа пара беруге оқталғаны айтылған. Іс материалдарында бір жерде 2,5 мың доллар, енді бір жерде 5 мың доллар деп көрсетілген, - дейді адвокат Динара Жұбатова.
Параны атқарып жатқан қызметін Жетісу облысынан Алматы облысына ауыстыру бойынша берді делінген.
«Ерлан Қиясов іс материалдарында бұл жағдайдың 2022 жылдың күзінде болғанын жазған. Алайда арызды екі айдан кейін ғана жазып отыр», - дейді адвокат.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы Жетісу филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
Ол Ұлттық орталық басшылығына Алматы облысына осындай қызметке ауысқаны үшін 2 500 АҚШ доллары көлемінде пара берді деген күдікке ілінді, - делінген Антикор таратқан ақпаратта.
Аталған адамның іс-әрекетінің саралануы прокуратурамен келісілген.