Жанып жатқан үйге қайта оралып, басқа біреудің қалып қоймағанын және ас үйде газ баллонының бар-жоғын тексерді
Павлодар облысында учаскелік полицей өрт шыққан үйден жасөспірімді аман алып шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Тереңкөл ауданының учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Жаябаев 10 мамырда ауылды патрульдеу кезінде үйлердің арасынан түтін шығып жатқанын байқап, оқиға орнына бірден жеткен. Оның күдігі расталып, тұрғын үй өртеніп жатыр екен. Көршісінің айтуымен ол үйде бала қалып қойғанын білді.
Полиция қызметкері уақыт жоғалтпай, бірден отқа оранған үйге жүгіріп кіріп, бөлмелерді аралай бастады. Қалың түтіннің салдарынан ол жерді барлау қиынға соққан. Бөлмелерді аралап жүріп, олардың бірінен 14 жастағы баланы тауып алды. Бұл кезде үйдің қосымша құрылыстары да жанып жатты. Дәліз, шатырды жалын басып, түтін көзді ашытып, дем алу қиындаған. Полицей жасөспірімді көтеріп алып, оны үйден алып шықты.
Жасөспірімді көршілерінің қолына бергеннен кейін ол жанып жатқан үйге қайта оралды. Басқа біреудің үйде қалып қоймағанын және ас үйде газ баллонының бар-жоғын тексеріп, сыртқа шықты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін учаскелік полицей балаларды үйден алыстатып, басқалармен бірге көрші үйлерге су шашуға көмектесті, сондықтан өрт оларға таралмады.
Оның сауатты және шешуші әрекеттерінің арқасында баланың өмірі сақталды. Құтқарылған баланың отбасы ризашылығын білдіріп, полицейге алғыс айтты.
Учаскелік полицей ІІО-дағы қызметін 2015 жылы бастаған.