Бала қатты соққыдан жабық бас ми жарақатын алған
Павлодарда әйел абайсызда ұлын өлтіріп алды. Оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, сараптама қорытындысымен және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
Pavlodarnews.kz-тің хабарлауынша, былтыр 28 қазанда Павлодар қаласының тұрғыны жаңа туған сәбиді тыныштандырғысы келіп, оны еденге жатқызған. Осыдан кейін ол қатты ашуланып, сәбидің маңдайына және басының артқы жағына екі рет соққы жасаған. Бала қатты соққыдан жабық бас ми жарақатын алған. Алған дене жарақатынан жаңа туған нәресте көз жұмды.
Әйел баласының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірмегенін айтып, кінәсін мойындамады. Әрі соттан өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.