Алматыда пәтер ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Топтың құрамында еліміздің әр жерінен келген бес адам болған

Фото: polisia.kz

Алматы қаласында бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар бұрын істі болған азаматтар ұсталды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, жедел уәкілдер тұрғындардың пәтерлерін тонап жүрген қылмыстық топты қылмыс үстінде ұстады. Олар Демьян Бедный көшесі бойында қолға түсті.

Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатовтың айтуынша, пәтер ұрлығымен 33 және 29 жастағы бес азамат айналысқан. Олар Аламтыға еліміздің әр өңірінен келіп, қылмыс жасаған. Олардың төртеуі бұрын бірнеше рет тонау, зорлау, адам ұрлау, бұзақылық, көлік ұрлығы сияқты ауыр қылмыстар жасағаны үшін істі болған.

Ұрылар кезекті үйді тонау кезінде Демьян Бедный көшесінде ұсталды. Қолды болған заттар айғақ зат ретінде тәркіленді. Қылмыстық топтың қатарында ұрланған заттарды сатып алушы да болуы мүмкін. Мұның барлығы тергеу кезінде анықталатын болады, – деді ол.

Оның айтуынша, «бестік» соңғы рет Алатау ауданы Байжанов көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйді тонаған. Бүгінгі күні олардың кем дегенде 5 үйді тонағандары белгілі болды.