Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында әкімдік көпбалалы отбасына апаттық жағдайдағы үйді ұсынған

Өз үйі опырылып құлаудың алдында тұрған отбасы әкімдік ұсынған үйге көшкісі келмей отыр

 Данияр Айтпайұлы 15.04.2022 | 13:49
Павлодар облысында әкімдік көпбалалы отбасына апаттық жағдайдағы үйді ұсынған
Әкімдік ұсынған үйдің қазіргі жай-күйі

Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылында үйі апаттық жағдайдағы көпбалалы отбасына жергілікті әкімдік тағы бір қирағалы тұрған баспана ұсынған.

Егіндібұлақ ауылында тұратын Кикеновтар әулетінің үйі тұруға жарамсыз. Сәуір айының басында кіреберіс бөлмесі опырылып түсіп, үйдің негізгі қабырғалары сөгіле бастаған. Олардың арасы күн өткен сайын ұлғайып, баспана құлаудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді.  Жеті бала тәрбиелеп отырған Руслан мен Ольга күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.

«Былтыр үйімізге орталықтандырылған су жүйесінің құбыры тартылды. Әкімдік көпбалалы отбасы ретінде бізге суды тегін қосып берді. Алайда, мердігер компания құбырды үйдің іргетасы астынан өткіземіз деп, арнайы техниканың көмегімен жерді қазған еді. Енді соның зардабын татып отырмыз. Үйдің қабырғаларында жарықшақтар пайда болған. Енді міне, кіреберіс бөлменің қабырғалары бұзылып жатыр. Жолдасым екеуіміз ағаш бағаналардың көмегімен шатырын тіреп қойдық. Ал баспанамыздың негізгі қабырғалары да жарылып кетті. Бір сәтте опырылып, құлауы мүмкін. Балаларымыз үшін қорқамыз», - дейді Ольга Кикенова.

1968 жылы бой көтерген бұл баспананы үй иелері осыдан 7 жыл бұрын несиеге сатып алған. Үй ескі болса да, тұруға жарамды. Ал қазір апатты жағдайда тұр. Бір апта бұрын ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тексеріп, «бұл үйде тұру адам өміріне қауіпті» деген ресми шешім шығарған. Мамандардың шешімінен жергілікті әкімдік те хабардар.

«Әкімдіктен бірнеше рет көмек сұрадық. Алайда, Құндыкөл селолық округінің әкімі Самат Ибраев қол ұшын созбақ түгілі «Біз сендерге тегін су тартып бердік. Неге шағымдана бересіңдер?!» деп ұрысып тастады. Басқа амалым бар ма? Балаларымның алды 15 жаста, кенжесі алты айлық сәби. Бала күтімімен үйде отырмын. Жолдасым денсаулығына байланысты ресми түрде жұмыстан шығып қалған. Сонда да қол қусырып отырған жоқ. Ауылдағы тиіп-қашпа жұмыстарды істеп жүр. Атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Бірақ ол күнделікті азық-түліктен, несиеден, балалардың керек-жарағынан артылмайды. Басқа үй сатып алып, көше қоятындай жағдайда емеспіз», - дейді О.Кикенова.

фото: Кикеновтер отбасының өз үйі

Көпбалалы отбасының шағымынан кейін селолық округ әкімі С.Ибраев Егіндібұлақтан басқа баспана ұсынған. Алайда, ол баспана да апатты жағдайда болып шыққан.

«Біз ол үйді барып көрдік. Жағдайы адам шошырлықтай. Мұнда көшу мүмкін емес. Қазіргі үйіміз сияқты ол да қираудың алдында тұр. Ол үйдің жөндеу жұмыстарына тағы бір үй сатып алатын қаражат керек. Біз оны қайдан аламыз?», - дейді көпбалалы ана.

Қоғам белсендісі Әсел Жақсыбай мұны жергілікті әкімдік тарапынан жасалған қорлық деп бағалап отыр.

Мынандай үйді көпбалалы отбасына қалай беріп отыр? Бұл мәселеге аудан ғана емес, облыс басшылығы назар аударуға тиіс. Балалар жылында балаларды қорлап қоюға жол бермейсіздер деп үміттенеміз! Бұл жайт облысымызға, ауданымызға сын, - дейді қоғам белсендісі.

Бұл мәселе бойынша Құндыкөл селолық округінің әкімі Самат Ибраевпен сөйлескен болатынбыз. Ол Кикеновтар отбасы осы жағдайды пайдаланып, басқа үй алып алуға тырысып жатқанын айтады.

«Бүгін бұл отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Құлап қалған кіреберісін жөндеп алуына болады. Кикеновтар отбасының үйіне төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тарапынан қосымша сараптама жүргізілген болатын. Оның шешімі әлі шыққан жоқ. Егер мамандар «үй тұруға жарамсыз» десе, онда басқа баспана тауып беруге міндетті боламыз. Негізінде, мен ол кісілерге осы Егіндібұлақ ауылынан бір үй ұсынған едім. Елдімекендегі үйлердің барлығы ескі. Бұл да 5-6 жыл бос тұрып қалған баспана ғой. Олар бұл үйге көшуден бас тартты. Менің түсінгенім, Кикеновтар отбасы осы жағдайды пайдаланып басқа үй алып, жағдайын түзеп алғысы келеді. Жан-жаққа шағымданып жатқаны да сондықтан», - дейді селолық округ әкімі.

Ольга Кикенова әкімдік тарапынан 300 мың теңгеден астам материалдық қаражат алғанын растады. Бірақ бұл қаражаттың жөндеу жұмыстарына жетпейтінін, жалпы үйдің жағдайы алаңдатып отырғанын айтты.

ОКРУГ ӘКІМІ ЖАЙЛЫ....

Құндыкөл селолық округінің әкімі Самат Ибраевтың есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Былтыр ол қалың жауған қарды видеоға түсірген - ауыл тұрғыны, зейнеткерді «әлеуметтік желіде шағымданды» деген айыппен кешірім сұратқан болатын. Сол әрекеті үшін тәртіптік жазаға тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама