«Өзенмұнайгаз» АҚ-да еңбек заңнамасын бұзудың 130-дан аса дерегі анықталды

Динара Амантай

Жалған сертификаттар мен жергілікті оқу орындарында оқығаны туралы жалған куәліктер қолданылған

Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік еңбек инспекторлары «Өзенмұнайгаз» АҚ мен мердігер ұйымдарда 130-дан аса еңбек заңнамасы бұзылған жағдайды тіркеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жұмыс тобы ӨМГ штатына жұмысқа орналасу кезінде ережені бұзу фактілерін анықтаған. Атап айтқанда, жалған сертификаттар мен жергілікті оқу орындарында оқығаны туралы жалған куәліктер қолданылған болуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша материалдар Жаңаөзен қаласының прокуратурасына жолданды.

Сонымен қатар, салалық мамандықтар бойынша персоналды жұмысқа алу процесін тексеру кезінде қабылданған 238 адамның 50-ге жуығы мамандық бойынша жұмысқа орналаспағаны немесе кейіннен басқа лауазымдарға ауыстырылғаны анықталды.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары ӨМГ мен мердігер ұйымдарда 130-дан аса еңбек заңнамасы бұзылған жағдайды тіркеді.

Бұған қоса Жаңаөзендегі ҚМГ жұмыс тобының құрамы өнеркәсіптегі қауіпсіздік, экология және СЭС саласындағы сарапшылармен толыққаны белгілі болды. Бұл жерде Төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері туралы сөз болып отыр. Сарапшылар өздері маманданданған бағытқа сай тексеріс жүргізетін болады.

Бүгінде «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері арасында өткен сауалнаманың нәтижесі бойынша жұмыс тобы 2 150 өтінішті талдап, олар 5 негізгі санатқа бөлінді:

 1) өндіріс/ сатып алу/ жабдықтау,

2) адами ресурстар,

 3) әлеуметтік мәселелер

 4) еңбекті қорғау,

 5) басқалары.

Сондай-ақ жұмыс тобы ұңғымаларды жерасты жөндеу процесін жақсартуды жоспарлап отыр. Бұл бойынша бастапқы журналдар, ілмекке түскен жүктемені өлшейтін датчиктер мен бейнематериалдар арқылы ұңғымаларды жөндеу процесіне жан-жақты талдау жүргізіліп жатыр.