Қазақстандықтарға суды үнемдеп үйрену керек
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Астанада су тапшылығы барын айтып, тұрғындардың суды қанша көлемде пайдаланып жатқанын тексеруді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.
Су – ұлттық қауіпсіздігіміздің бір тармағы. Соңғы уақытта елорда тұрғындары су тапшылығын сезініп, осы мәселеге қатты алаңдап отыр. Астананың қарқынды дамуына және қала халқының өсуіне байланысты «Астана су арнасы» МКК сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық қуаттардың жеткіліксіздігін айтып, тұрғындарды суды кесте бойынша төмен қысыммен беруге мәжбүр екенін хабарлады, - деді сенатор.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанда су тапшылығы мәселесі бірінші орынға шығады.
Дүниежүзілік зерттеулердегі болжамдарға сүйенсек, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Қазір Астанада судың тапшылығы – тәулігіне 30 мың текше метр. Жергілікті биліктің айтуынша, биыл жазда пайдалануға берілетін №3 су сорғы сүзгісі станциясы бұл мәселені толық шешіп, алдағы 5 жылда елордадағы су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді, - деді Бибігүл Жексенбай.
Астанадағы су тапшылығына әсер етіп отырған негізгі фактор – құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруі, Есіл өзенінің сол жағалауында көпқабатты үйдің тығыз салынуы. Осыған байланысты сенатор астаналықтардың суды қанша көлемде пайдаланып жатқанын тексеруді ұсынды.
Сондықтан алдағы уақытта қалада салынып жатқан көпқабатты үйлердің бәріне тексеріс жүргізіп, қаншама мөлшерде су жұмсалып жатқанын есептеу қажет. Аспанмен тірескен көпқабатты тұрғын үйлерді салардан бұрын сумен қамтамасыз ету есебі алдын ала жасалғаны абзал. Ескі үйлердің арасына тығыздап үйлер салу үрдіске айналып, кесірінен қалыптасқан су жеткізу жүйесін өзгертіп қана қоймай, апатты жағдайларды да туғызуы мүмкін, - деді депутат.
Оның пікірінше, Ертіс өзеніндегі судың деңгейі де төмендеуі ықтимал.
«Көпшілік білетіндей, Қазақстан негізінен Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келетін суды пайдаланады. Ал 4 млн-нан аса қазақстандықты сумен қамтамасыз етіп отырған Ертіс өзенінің суы өндіріс пен кәсіпорындардың салынуынан заңды тұлғалардың, шаруа қожалықтарының, кооперативтердің суды көп көлемде пайдалануынан, үнемдемеуінен, сондай-ақ экологиялық жағдайларға байланысты азайып отыр. Соның салдарынан Астана қаласында сумен қамтамасыз етеді деп жоспарланып отырған Ертіс-Қарағанды каналының су мөлшері де келешекте айтарлықтай төмендеуі мүмкін», - деді ол.
Бибігүл Жексенбай жоғарыда аталған мәселелерді ескеріп, төмендегі ұсыныстарды жолдады: