Елімізде балалар үшін кейбір спорт түрлеріне шектеу енгізілуі мүмкін
Министрлік ДДСҰ сарапшыларымен осындай стандартты әзірлемек
Қазақстанда спорт түрлері бойынша балалардың жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескеретін бірыңғай стандарт әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
ДДСҰ елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісімен өткен кездесуде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту мәселесі талқыланды. Вице-министр Сәрсен Құранбектің айтуынша, спорттық даярлықтың ұлттық стандартын енгізу қажет.
Балалар мектепке белгілі бір жастан бастап барады. Сондықтан олардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін және физикалық белсенділікке дайындығын ескеретін кейбір спорт түрлері бойынша бірыңғай стандартты белгілеуіміз керек. Егер бала кейбір спорт түрлерімен тым ерте айналыса бастаса, бұл оның физикалық немесе психикалық денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Әсіресе, жекпе-жек түрлеріне басымдық берген жөн. ДДСҰ сарапшыларымен бірге осындай стандартты әзірлегіміз келеді, - деді ол.
Сондай-ақ ДДСҰ елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова жарақаттану тәуекелі жоғары спорт түрлері бойынша жас шектеулері мәселесінде қазақстандық тарапқа кеңес беруге дайын екендігін мәлімдеді.
«Бізде физикалық белсенділік мәселелерімен айналысатын бөлім бар. Атап айтқанда, осындай зерттеулер жүргізетін Португалиядан келген сарапшылар жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл мәселеде Қазақстан үшін басқа елдердің озық тәжірибелерін зерделеуге және талдауға дайынбыз», – деп атап өтті Өтемісова.