Еңбек нарығы: Елімізде қандай мамандар тапшы
Өңірлердегі ахуал белгілі болды
Электрондық еңбек биржасы (ЭЕБ) порталында кадрларға сұраныстың өсуі және ұсыныстың төмендеуі жалғасып келеді. 2022 жылғы наурызда ЭЕБ-да 72,7 мың бос жұмыс орны және 48,8 мың түйіндеме орналасты. Өткен аймен салыстырғанда жарияланған бос орындар санының шамалы өсуі (+0,5%) және ізденушілер тарапынан белсенділіктің күрт төмендеуі (-11%) байқалады. Осылайша, егер биылғы ақпанда бос орындар саны түйіндеме санынан 32%-ға асса, наурызда бос орындар мен ізденушілер арасындағы алшақтық шамамен 50%-ды құрады.
Өңірлік бөліністе бос орындар саны Жамбыл (+28% немесе 3,4 мың бос орынға дейін), Павлодар (+22% – 5,9 мың бос орынға дейін), Солтүстік Қазақстан (+14% – 2,5 мың бос орынға дейін) және Батыс Қазақстан (+12% – 3 мың бос орынға дейін) облыстарында өсті. Бұл ретте өңірлерде жұмыс берушілердің қажеттіліктері әртүрлі. Мәселен, Жамбыл облысында орта мектеп мұғалімдеріне, Павлодар облысында күзетшілерге, жүргізушілер мен кондукторларға сұраныс жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында медбикелер мен мейіргерлер, санитарлар, тарату желілерін пайдалану жөніндегі электромонтерлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығының инженер – механизаторлары қажет, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.
Ізденушілер тарапынан белсенділіктің барынша өсуі Шымкентте (+48,1%, 4,3 мың түйіндемені құрап), Павлодар облысында (+20,3% және 2,6 мың түйіндеме) және Қостанай облысында (+12,7% және 2,1 мың түйіндеме) байқалды. Бұл ретте түйіндеме санының күрт қысқаруы 5 өңірде байқалды: Маңғыстау (-62%), Алматы (-30%), Қызылорда (-24%), Атырау (-23%) және Ақтөбе (-22%) облыстары.
Наурызда ерлер мен әйелдер тең жұмыс іздеді. Бұл ретте, жас бөлінісінде, алдыңғы айдағыдай, ізденушілердің үштен бірі жастар арасынан, ал әрбір төртінші – неғұрлым жетілген жаста (46 жас және одан жоғары) болды.
«Сонымен қатар ЭЕБ мәліметтері бойынша, наурызда жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі байқалды. Мәселен, егер жалпы нарықта орта білікті мамандарға сұраныс басым болса (54%), онда осы санаттағы ұсыныс бар болғаны 38%-ды құрайды. Бұл ретте біліктілігі төмен мамандар үшін кері жағдай қалыптасып отыр - сұраныс 21% болған кезде ұсыныс шамамен 35%-ды құрайды. Жоғары білікті кадрлар үшін түйіндемелер мен бос жұмыс орындарының саны тең үлесті құрайды: тиісінше 26% және 25%», – деді Молчановская.
Жекелеген мамандықты қарастырсақ, биылғы наурыз қорытындысы бойынша, ЭЕБ-да өте тапшы медициналық медбикелер мен мейіргерлер, санитарлар, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері болды – бұл мамандар үшін қамтылмаған қажеттілік 4,6 мыңды құрады. Сондай-ақ жүргізушілер (2 мың бос орын), күзетшілер (1,6 мың бос орын), консультант-сатушылар (618 бос орын) және электромонтерлар (674 бос орын) сұранысқа ие болды. Біліктілігі төмен қызметкерлермен қатар артық мамандықтар қатарына заңгерлер, курьерлер, қаржыгерлер, дене шынықтыру және автомеханика мұғалімдері жатады.
Еңбекақы төлеу бөлінісінде неғұрлым жоғары күтулер (орта есеппен 500 мың теңгеден астам) корпоративтік сектордағы басшылық позициялар және біліктілігі жоғары мамандар, атап айтқанда, бас және қаржы директорлары, аудиторлар, инженерлер және тағы басқа ізденушілер арасында байқалды. Сонымен қатар сұраныс тарапынан мұндай жалақы деңгейі басшылық лауазымдар үшін де, өндіріс саласындағы жоғары білікті инженерлер мен бас құрылысшылар үшін де ұсынылды.
«Осылайша, ЭЕБ мәліметтері бойынша, елде жалдау процестерінің жандануы байқалады. Сонымен қатар жұмысшылар, керісінше, жаңа жұмыс орнын іздегілері келмейді. Бұл 2022 жылдың басынан бері жалғасып келе жатқан түйіндемелер санының азаюымен расталады», – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.