×

Мемлекет ардагерлерді қолдау үшін қолдан келгенінің бәрін жасайды – Әлихан Смайылов

Премьер-министр қазақстандықтарды Жеңіс мейрамымен құттықтады

 Динара Амантай 09.05.2023 | 11:01
Фото: egemen.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет басшысы аталмыш мейрамның маңыздылығын атап, ардагерлердің сиреп бара жатқанына өкінішін білдірді.

Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – біз үшін аса маңызды әрі айтулы күн. Жер бетіне бейбіт өмір сыйлаған қастерлі күннің жыл сайын тарих қойнауына тереңдеп бара жатқанына қарамастан, сол сұрапыл соғыстағы жеңістің тарихи маңызын біз ешқашан ұмытпаймыз. Өкінішке қарай, қан майданда көзсіз қаһармандықтың үлгісін көрсеткен аға буын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Олардың жанқиярлық ерліктерін мереке күндері ғана емес, ұдайы ел жадында ұстаған абзал. Өскелең ұрпақ өткеннен тағылым алуға тиіс. Ал мемлекет ардагерлерді қолдау үшін қолдан келгенінің бәрін жасамақ. Әр кезеңнің өз сабағы бар, алайда кейінгі ұрпақ қайғы мен қасіреттің не екенін білмесін. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерліктеріне тағзым етемін! Еліміз әрі қарай өркендей берсін, әр отбасыға бейбіт өмір және амандық тілеймін! – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ премьер-министр Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күніне орайластырылған шара елордалық «Ақжайық» саябағында өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама