Маңғыстаулық әйелдер жаңа туған нәрестені сатып жібермек болған

Еркеғали Болатұлы

Ақша алған 35 жастағы және сәбиді тапсырған 38 жастағы күдікті ұсталды

фото: дереккөз

Маңғыстау облысының ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жаңа туған нәрестені саудалау фактісі бойынша жедел ақпарат түсті, деп хабарлады Polisia.kz.

4 мамырда сағат 13:00 шамасында облыс прокуратурасының үйлестіруімен ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша жаңа туған сәбиді сатып, ақша алған 35 жастағы күдіктіні ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында заттай дәлелдемелер тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері сәбиді тапсырған 38 жастағы күдіктіні ұстады. Бала сот шешімі шыққанға дейін Ақтау қаласының облыстық мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды.

Осы дерек бойынша Маңғыстау облысының полиция департаментінде ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктілерден мойындау жауаптары алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр және тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.