Ақтөбеде 3 жігіт полицейдің телефоны мен ақшасын тартып алған
Бұрын сотты болған біреуі тағы 3,5 жылға кетті
Ақтөбе қаласында полиция қызметкерін бопсалаған 3 жігіт сот алдында істі болды. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.
Полиция қызметкері такси жүргізушісі болып жұмыс істеуге бел буып, бұзақыларды 500 теңгеге банк бөлімшесіне апарған. Бірақ олар келгеннен кейін жолақысын төлеуден бас тартқан. Онымен қоймай, полицейдің қызметтік куәлігін тартып алған. Содан кейін оны қорқытып, ақша талап еткен.
Клиенттер полицейден куәлікпен қатар телефонын тартып алып, банктік қосымшаға кіріп, оның атынан 50 мың теңге онлайн несие рәсімдеген. Сосын банкоматтан ақша алуға мәжбүрлеп, оны шешіп алып кеткен. Кейін куәлікті полицейге қайтарып берген, – деп жазды басылым.
Бопсалаушылар сотта кінәларын мойындады. Сот 32 жастағы 2 азаматты 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Олар жазасын үйде өтейтін болады.
Ал бұрын сотты болған үшінші азаматқа тағы 3,5 жыл отыруға тура келді.