Медбикелер оның бойын өлшеу үшін қосымша үстелге шығады
Николай Белоусов – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы ең бойшаң жауынгер, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Бойы тұп-тура 2 метр болатын өскемендік сарбазға арнайы форма тіктіріліп, аяқ киімін де тапсырыспен алдыртады.
Николай Белоусов әскер қатарына былтыр көктемде алынған. 91678 әскери бөлімінің жауынгері, тау-қорық бөлімшесіндегі ең еңселі сарбаз. Сұңғақ бойлы жігіт әскерге бару туралы шешімді өзі қабылдағанын айтады.
Көрген жұрттың барлығы бойыма таңданыспен қарап, суретке түсіп жатады. Әскерге келгенімде де біразға дейін көпшіліктің назарында болдым. Бірақ бұған еш қысылмаймын. Керісінше, елден ерекшелеп тұратын артықшылық ретінде қараймын. Жалпы, қазір аймақтағы ең ұзын жауынгермін. Бұл – өзінше бір мақтаныш, - дейді ол.
Әскердегі медбикелер тау тұлғалы сарбаздың бойын өлшеу үшін қосымша үстелге шығуларына тура келеді екен. Ал жауынгердің өзі 2 метрлік кереуетке әрең сыятынын айтады.
Сырт көзге күлкілі көрінетін шығармыз. Менің бойым – 1 де 60, онікі – 2 метр дегендей. Бірақ бұл достығымызға кедергі емес. Әскерге келгенде Николаймен бірден достасып кеттік. Мінезіміз ұқсайды. Мен қандай көмек сұрасам да бас тартқан емес. Мен де қолдан келгенін аянбаймын, - дейді 91678 әскери бөлімінің жауынгері Артем Гречаник.
Әскери қызметін аяқтаған Николай енді бірер күнде өзі туған өлкеге оралады. Дегенмен әскермен қоштасқысы жоқ. Алдағы уақытта Ақтөбедегі әскери институтқа түсіп, авиацияда қызмет етуді қалайды.
Айта кетерлігі, бұған дейін дәл осы әскери бөлімде бойы 1,98 см болатын Әсет Әбілғапаров қызмет еткен еді.