×

Ер Едігенің ерлігі жастарға үлгі болуы керек – Ералы Тоғжанов

Өңір басшысы қазақ тарихындағы қолбасшының рөлін ерекше атап өтті

 Динара Амантай 06.05.2023 | 18:00
Фото: Ақтөбе обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақтөбеде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына зор үлес қосқан батыр Ер Едігеге құрмет көрсетілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға өңір әкімі Ералы Тоғжанов, «Ер Едіге» қоғамдық қорының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, оқушылар қатысқан. Ералы Тоғжанов қазақ тарихындағы қолбасшының рөлін ерекше атап өтті.

Отан қорғаушылар күні қарсаңында тағылымды тарихымыздағы батыр бабаларымызды еске алудың тәлім-тәрбиелік маңызы ерекше деп ойлаймын. Қазақ жерінің тарихы аңыздарға толы. Тәуелсіздік жылдарында біз көптеген тарихи деректерді қалпына келтіріп, жоғалтқанымызды түгендеп, барымызды бағалауға мүмкіндік алдық. Едіге батыр – бірегей тұлға. Осындай көрнекті адамдарды еске алу – жас ұрпақ алдындағы ортақ парызымыз. Біздің міндетіміз – тарихи құндылығы зор батыр туралы мәліметтерді барынша қалпына келтіру және осындай көрнекті қайраткерлерді жастарға үлгі болып, олар батыр ерлігінен тәрбие алуы керек, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов салтанатты рәсімде.

Айта кетейік, Ақтөбе өңірінде Ер Едіге есімі кеңінен ұлықталып жатыр. 2020 жылы Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында облыс орталығында Едіге батырдың ескерткіші орнатылып, Ақтөбе қаласының басты көшелерінің біріне есімі берілді. Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан жыр мектебі ашылып, жыл сайын дәстүрлі «Едіге деген ер екен» атты республикалық жыршылар байқауы өткізіледі. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасы сахналанды.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов қазақ тарихының әртүрлі кезеңдеріндегі тарихи оқиғаларда қайраткерлердің көрсеткен батырлығын, қайтпас қайсарлығын тілге тиек етті.

«Қазақ батырларының ел тағдырындағы тарихи орны, олар жасаған батырлық жорықтарының маңыздылығы бірнеше ғасырлар бойы бір сәтке де ұмытылған жоқ. Батырларымыз қорғаған қасиетті, кең қазақ жері - бүгінгі ұрпаққа берілген басты игілік», – деді Алтай Тайжанов.

Іс-шара батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама