Halyq Uni логотип
×

СҚО-да кәсіпкер марқұм ұлының жанына жерленген мәйітті қазып алып, басқа жерге көмген

Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды

 Самат Жақып 14.04.2022 | 16:05
СҚО-да кәсіпкер марқұм ұлының жанына жерленген мәйітті қазып алып, басқа жерге көмген
фото: facebook

Бұл оқиға Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим елді мекенінде болған. Жергілікті тұрғын Игорь Лазаревтің айтуынша, кәсіпкерлердің бірі оның әкесінің қабірін қазып, мәйітті алты мерт қашықтыққа апарып қайта жерлеген.

Кәсіпкер бұған дейін де Игорьға талай мәрте ескерту жасап, тіпті қоқан-лоқы көрсеткен. Талабы орындалмаған соң, ол ешкімге ескертпей мәйітті басқа жерге көшірген.

«Менің әкем былтыр 11 қыркүйекте жерленген болатын. Жерлеу рәсімі өткен соң, кәсіпкер ұлының мәйітінің қасына ешкімді көмуге болмайтынын айтты. Осылайша, әкемді басқа жерге қайта жерлеуімді сұрады. Өйтпеген жағдайда, әкемнің сүйегін өзі қазып алатынын бірнеше мәрте ескертті. Бірақ мен оған мән бермеген едім. 11-ші сәуірде зират басына бардым. Бірақ әкемнің жерленген жерін таба алмадым. Шамамен 6 метр ары қарай жаңа қабірдің пайда болғанын аңғардым. Және оның басына әкеме қойылған крест орнатылған екен. Алайда, әкемнің сүйегінің ол жерде екеніне күмәнім бар», - дейді Новоишим ауылының тұрғыны Игорь Лазарев.

Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған жазбадан кейін полиция аталған фактіге қатысты тергеуді бастап кетті. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Бұл факті Ғабит Мүсірепов ауданының полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 314-бабының 1-бөлігі (қайтыс болғандардың мәйіттерін және олардың жерленген жерін қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде. Қажетті іс-шаралар жүргізілгеннен кейін заңды процессуалдық шешім қабылданады»,- делінген аудандық полиция бөлімі таратқан ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама