Жамбыл облысында бір айда 60 заңсыз қару тәркіленді
Алынған барлық құралдарға сот-баллистикалық сараптамалар тағайындалды
Жамбыл облысының полицейлері бір айда заңсыз айналымнан 60 қаруды тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жамбыл облысының полиция департаменті қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған, заңсыз сақталған қаруды іздеу және тәркілеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы мақсатта сәуірдің соңында тәртіп сақшылары «Қару» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Іс-шараның 5 күнінде полицейлер заңсыз айналымнан 54 қаруды, 448 оқ-дәріні, 1 жарық-шу гранатасын, 9 арнайы құралдарды тәркіледі. Алынған барлық құралдарға сот-баллистикалық сараптамалар тағайындалды.
Полиция қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ шалғайдағы 704 шаруа қожалығына тексеру жұмыстарын жүргізді. Жедел алдын алу шарасы барысында 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде қаруды сақтау ережелерін бұзудың 15, қаруды қайта тіркеуді бұзудың 6 фактісі анықталды.
Сәуірде заңсыз айналымнан 60 қару мен 1 183 оқ тәркіленді.
Мәселен, полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде облыс орталығындағы Солнечный иінінің шет жағында қару-жарақ пен оқ-дәрі салынған полипропилен пакетін тапты. Онда Жамбыл облысы ПД қоймасынан ұрланған 5,45 мм калибрлі «АКС-74» автоматы, 12 мм калибрлі «ИЖ-54» маркалы екі ұңғылы аңшы мылтығы, 16 мм калибрлі «ИЖ-ЗК» маркалы бір ұңғылы аңшы мылтығы, «ИЖ-18ЕМ» 16 мм калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 16 мм калибрлі «ИЖ-58» маркалы бір ұңғылы шолақ мылтық тәркіленді.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлімі («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.