Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы тек су мәселесін шешкенде дамиды – әкім
Өңірде 7 су тұшыту зауыты салынады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде ауыл шаруашылығы қандай жағдайда дамитынын айтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ол қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде су тапшылығын шешу үшін жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
Әсіресе, соңғы жылдары су мәселесі қатты сезіліп жатыр. Облыс аумағында ауа-райы шектен тыс ыстық болғаны рас. Ал су тапшылығы ауыл шаруашылығының өсіміне кері әсер етеді. Азық-түлік бағасының өсуі жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына ғана емес, аймақтағы азық-түлік бағасының қауіпсіздігіне де әсер етті. Осыған байланысты біз жағдайды тұрақтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Бұл мәселені шешу үшін Маңғыстау облысының әкімдігі 7 су тұшыту зауытын салуды жоспарлап отыр. Оған 236,8 млрд теңге керек. Ол облыстың 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарында көрсетілген.
Облыс әкімі өңірдегі күрделі климаттық жағдайға қарамастан онда ауыл шаруашылығын дамытуға болады деген пікірде.
Биыл бұл саланы дамытуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Мал шаруашылығы саласын субсидиялау мөлшері 2021 жылы 127 млн теңгеден 2023 жылы 818 млн теңгеге дейін ұлғайған.
Облыста ауыл шаруашылығын дамыту үшін ауыл азаматтарына «Ауыл аманаты» атты несие беру жобасын іске асырамыз. Жоба шеңберінде жылына 2,5%-бен 5-7 жылға шағын несие беріледі. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 250 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және проблемасын жедел шешуге мүмкіндік береді, - деді өңір басшысы.