×

Мас адамның қабырғасын сындырған елордалық полицей 5 жылға сотталып кетті

Оны тоқтату үшін қабырғадан тіземен тепкен

 Еркеғали Болатұлы 05.05.2023 | 11:38
фото: ашық дереккөз

Астанада полицей әуежайда төбелес шығарған мас адамды ұрғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қызметтік атағынан босатылды деп хабарлады NewTimes.kz.

2022 жылғы 21 желтоқсанда Fly Arystan әуе компаниясынан Шымкент-Астана рейсіне мас халде кірген жолаушы туралы хабарлама түскен. Кейін полицейлер оны әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру үшін полиция бөлмішесіне әкеледі. Жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған азамат кейін бөлмішеден кетпек болған. Алайда қызметкер оны тоқтату үшін қабырғадан тіземен тепкен. Соның салдарынан жәбірленушінің 3 қабырғасы сынған.

Бұл денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян деп бағаланады. Лауазымды қызметкер қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды. Жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген. Поиция қызметкері өз құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен анық шығатын әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сотталады, - делінген сот хабарламасында.

Астана қаласы Есіл аудандық соты полицейді 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ сотталушыны полицияның кіші сержанты арнайы атағынан айыру туралы шешім қабылданды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама